Сіз тәуелсіз Қазақстанның бойынан туа біткен бір қасиетті байқайсыз. Бәлкім, ойыңызға алдымен бейбітшілік келер. Болмаса, қой аузынан шөп алмайтын жуастығын айтарсыз. Мұныңызбен толық келісеміз.
01

01+

▲ Ешбір елмен бірінші болып жауласпаған, араз болған көршісін татулыққа шақырған бұл қасиеттер біздің құндылықтарымыз екені сөзсіз. Тағы бір ерекше тұсы – біз Батыс пен Шығыс мәдениетін тоғыстырып, экономикасын түйістірген, Еуразияның транзиттік әлеуетіне жан бітірген елміз. Ұлы Жібек жолының кіндігінде орналасқандықтан ата-бабаларымыз жүк тиелген түйе керуенінің кедергісіз өтуіне барлық жағдай жасаған. Бүгін де толықтай осы қасиетімізді пайдаланып, Қытай мен Еуропаның алтын көпіріне айналып үлгердік. Ұлы миссияны қаншалықты атқара алып жүргенімізді білу мақсатында Достық бекетіне, дәлірек айтқанда «Достық» кеденіне іссапар ұйымдастырдық.

02

▲ Экономикасы алға қарай қарқынды қадам басып, әлемдегі үстемдігі жыл санап артқан сайын Қытаймен достығымызды одан әрі күшейте беру керек. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» демекші, Қытайдың Еуропамен сауда-саттығының күшейгені бізге тиімді. Кеден қызметкерлеріне – жұмыс, мемлекет қазынасына – салық болып түседі. Алайда ешкім қараптан-қарап қара бақырды ұстата салмайтыны белгілі. Алдымен бізде көлік­тік-логистикалық инфрақұрылым мықты, бәсекеге қабілетті болу шарт. Шекарада ұзын-сонар кезектің жолын болдырмайтын жүйе қажет. Қызмет түрі ашық әрі жылдам жүргізілуі тиіс. Еуропаға дейін теңіз жолы­мен 1 ай жүргенше, құрлық арқылы, оның ішінде Қазақстан арқылы 10-15 күнде жету – олар үшін тиімді болатын жағдай жасау, негізгі міндет.

03

▲ Сәл ілгері оралсақ. Достық бекетінің ал­ғашқы кірпіші өткен ғасырдың елуінші жылдарында қаланды. Сол уақытта КСРО мен ҚХР бірлесіп «Достық жолы» құры­лысын салу туралы шешім қабыл­дайды. Біздің ел Ақтоғай бекетінен Жоңғар қақпа­сына дейінгі 300 шақырымдық темір жол желісін тез арада іске қосып, Ланьчжоудан бастау алған темір жол желісінің келуін күтеді. Қытай тарапы Үрімшіге дейінгі 2000 шақырым жолды ойдағыдай аяқтайды. Алашанькоуға 460 шақырым қалған кезде КСРО мен ҚХР арасындағы қатынастардың нашарлауынан құрылыс тоқтап қалады. 25 жылдан астам уақыт бойы темір жол туралы қос тарап тіл қатып, тіс жармайды. Екі ел бір-бірінен қауіптеніп, шекараға әскер жинаумен ғана шектеледі. Тек 1988 жылдың күзінде Алматыда екі ел келісімге келіп, 1990 жылы трансазиаттық темір жол желісі түйісті.

04

▲ Міне, сол уақыттан бері аталған бекет­тен жүздеген мың тауар батыстан шығысқа қарай, шығыстан батысқа жөнелтілiп отыр­ды. Елдің қаншама азаматы өз бақытын, өз өмір жолын осы Достық бекетімен бай­ланыстырды.

04+

▲ Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан шағын елді мекен алғашында түрлі қиыншылықтарды бастан өткерді. Жұ­мыс пен тұрмыстың ауыртпалығын ал­ғашқылардың бірі болып кеденшілер, темір­жолшылар, шекарашылар сезінді.

05

▲ Өзінің еңбек жолын кеден қызметімен етене байланыстырған, «Достық» кедені бас­шысының орынбасары Сұңғат Қалиасқаров мырза шекарадағы өмірдің қалай басталып, қалай жақсарғанын бізге былай баяндады:

– Еліміздегі кеден қызметінің бүгінгі жай­-күйі жоғары деңгейде. Мұны 1994 жыл­­дан бері кеден саласында қызмет атқа­рып келе жатқан кеденші ретінде сеніммен айта аламын. Кедендік кірістер бөлімше­сінің инспекторынан бастап, әртүрлі лауа­зым­­дық, басшылық қызметте жүріп кеден қызметінің қызығы мен шыжығының біра­зын көрдік. Қолдан келгенше, осы сала­ны меңгердік, – деп бастады Сұңғат мырза.

06

▲ – Кеңес өкіметі құлап, тәуелсіздік туы жел­біреген тұста Талдықорған облысын­да тұң­ғыш «Дружба» кеден бекеті болып қызметін бастаған бұл мекеме өз тарихында біршама қиын кезеңдерден өтті. Алғашқыда бекетте 20-ға жуық тұрғын үй болды. Пәтерлердің бол­мауы­нан сол кездегі кеденшілер арнайы жасақталған вагондарда бірге тұрды. Бірақ Достыққа алғаш қоныс аударған тұрғы­лықты халық бекетінің белсенді дамиты­нына, ал мұндағы кеден бекетінің тіз­гі­нін алғаш ұстаған кеденшілер халықаралық қа­ты­настың қарқыны өсіп, темір жол қаты­насының алар биігінің алда екеніне сенді. Сенім ақталды. Бүгінде қажет қателер түзе­тіліп, кем тұстары толықтырылған бұл саланың бүгінгі бейнесі көңіл толарлықтай. «Достық» бекетінде екі мектеп, екі бала­бақша, ауданда жоқ аурухана, мейрамха­налар мен тағы басқа тұрғындардың тұрмы­сына қажет кешендер бар. Кеденшілер үшін жасалған жағдай да қажетті деңгейде. Кеденде қызмет істейтін әр азамат тұрғын үй­мен қамтылған. Жұмыс пен үйдің ара­сын­да қызметкерлерді арнайы таситын кө­лік қарастырылған. Бізге керегі тәжірибе жинауға талпынған, қызмет қылуға ұмтыл­ған сауатты жастар. «Болам дейтін баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме қазақ?! Ал­мас Боқаев, Әлихан Өмірбеков, Бай­мұрат Қабдолданов, Хари Бертісов, Шай­мұрат Нұрекенов, Ғабит Иманқұлов, Алмагүл Көпбаева, Қайрат Бекежанов, Марат Күйеубаев сынды кеден саласына еңбегі сіңген азаматтар жастарға жол сіл­теп, кеден саласының қыр-сырын үйретуге дайын деп толық сеніммен айта аламын. «Еңбектің наны тәтті». Кезінде кеден қыз­ме­тін бірге бастаған әріптестерім Бекен Нұ­­рах­метов бүгінде «Қордай» кеден бекеті басшысының орынбасары, Нұрлан Бай­мул­динов «Ал­тын­көл» кеден бекеті бас­шысы қызметінде. Ал мені алғаш «Достық» кеденіне жұмысқа алған басшы, ұстаз И.Красуленко Ресей­дің Федералды кеден қызметіне қарасты «Мурманск» кеденін басқарып, генерал­лейтенант шеніндегі зейнетте. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген на­қыл­дың жаны бар. Бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық аға буын өз миссиясының меже­сіне жетті. Эстафетаны елім дейтін жастарға беруге дайын. Әрине, алдағы уақытта «Дос­тық» кеденіне жүктел­ген міндетті атқарып, мекеменің мақсатын толықтай орындауға бізде аянбай қызмет етеміз. Десек те, «жас­тар – жарқын бола­шақ­тың кепілі» – деп Сұңғат Мейрамға­лиұлы Елбасының сөзі­мен әңгімесін түйін­деді.

07

07+

▲ Достықта тауарды қабылдап жөнелту екі жолмен өрбиді. Біріншісі әрі негізгісі темір жол арқылы. Бұл міндет «Теміржол» кеден бекетіне жүктелген.

08

▲ Екіншісі – тас жол арқылы. Мұны қадағалау «Алакөл» кеден бекетінің еншісінде. Қос құрылым да «Достық» кеденіне тиесілі.

09

▲ «Теміржол» кеден бекетіне тауар ай­налымы көрсеткішінің елеулі үлесі тиесілі. 2014 жылы аталмыш құрылым екі бағытты қосқанда 11 995 мың тонна түрлі жүкті өт­кізді. Жалпы, «Достық – Алашанькоу» ха­лық­аралық өткелінің жүк айналымы 12 321 мың тоннаны құрады. Яғни, басым бөлігі «Теміржолға» тиесілі. Демек шойын жол арқылы өтетін тауарды бақылау орасан күшті талап етеді.

10

▲ Әр құрамда 17 маманмен толыққан 4 ауысым тәулік бойы қалтқысыз қызмет көрсетуде. Бір күнде кеден бекеті онға жуық темір жол құрамын өңдеп, бес жүздей вагондарды тіркеп-өткізуді іске асырады.

11

▲ Бір транзиттік декларацияны толтыру 3-5 минут аралығындағы уақытты алады екен. Ал жүк көлемі едәуір көп болса, онда 20 минутқа дейін созылады. Сәйкесінше, тәулігіне 400 транзиттік декларация тол­тырылады. 2014 жылдың он екі айында 127 611 құжат рәсімделген. Ешқандай заңбұзу­шылық фактісі тіркелмесе, тауар артық 1 минут та тұрмай, тұтынушысына жөнел­тіледі. Өткен жылы «Теміржол» кеден бекеті әкімшілік тұрғыдағы 52 материал бо­йынша іс қозғап, 3 166 920 теңге көле­мінде айыппұл төлеткізді.

12

▲ – «Теміржол» кеден бекетіне жүктелген міндет – теміржол көлік құралдарымен та­сымалданатын тауарларға бақылау жүргізу, тауарларды ресімдеу жүйесін жүзеге асыру, – деп «Теміржол» кеден бекетінің басшысы Талғат Әуелбеков кеден қоймаларын ара­латып жүріп әңгімесін бастады.

13

▲ – Пойыз өте­тін теміржол рельсінің еуропалық стан­дарты бөлек те, ТМД елдерінде бекітілген стандарт басқа. Еуропалық стандарт 7­8 сантиметрге тар жасалған. Халықаралық жолаушылар пойызының дөңгелегі міндетті түрде ауыстырылады. Ал жүк таситын ва­гон­дардың саны көп болуына байланысты, дөңгелегін ауыстыру мүмкін болмайды. Сол үшін «Достық» кедені теміржол­шыларының қатысуымен бір вагондағы жүк екінші вагонға, яғни біздің вагондарға ауыстырылады. Біздің міндет сол үрдіске бақылау жүргізу. Мұндай жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы жеті алаң қарас­тырылған. Мәселен, үшінші алаңда бірден 13 вагонның жүктері қайта тиеледі. Орта есеп­пен күніне 60-70 вагонға дейін қамти­мыз. Теміржолшылардың қатысуымен тиелетін тауарлардың қайта тиелуін кеден өкілдері бақылайды. 13 вагонды тиеуге екі сағат уақыт жұмсалады. Кеден саласының проб­лема­ларын алдын ала болжап, зерттеп, алдын алып отыру бізге жүктелген міндет. Кей мәсе­лелерде көршімізбен кездесіп, тал­қылап, оңтайлы шешімін тауып жата­мыз. Қытай елімен қызметтік байланыс тығыз – деп Талғат Әуелбеков жұмыс барысын таныстырды.

14

14+

▲ Еуропа нарығын көздеген қытай тауары теміржол өткелімен қатар транзиттік жүк тасымалына бағдарланған авто өткел ар­қылы да өтеді. Пост – жолаушыларды өт­кізумен қатар жүк көліктерінің барлық тү­рін қабылдауға қауқарлы. «Алакөл» кеден бекеті аптасына алты күн бойы таңнан кешке дейін сапалы қызмет көрсетуге даяр.

15

▲ Біздің тарапымыздан Қытайға экспорт­тауды жалғыз ғана «Достық Газ Терминал» ЖШС атқарады екен. 2014 жылы атал­мыш компания 66 млн 768 мың АҚШ доллары­ның тауарын өткізіпті. Газ жинақтау беке­тінің іске қосылуы­ның арқасында экспорт кө­лемі 2013 жылға қарағанда 11 есе ар­тқан. Ал ҚХР-дан импорттал­ған тауар­дың жалпы сомасы 488 млн 536 мың АҚШ дол­лары көлемінде.

16

16+

▲ Тағы бір ес­керте кететін жайт тауар айна­лы­мы қыс­қы мезгілде күрт тө­мен­деп кететін көрінеді. Оған себеп Достық – Үшарал учаскесіндегі жолдың сапасы сын көтерерлік жағдайда емес екендігі. Бас-аяғы 170 шақырым жолды жөндеу күн тәртібіндегі басты мәсе­лелердің бірі. Алда­ғы уақытта авто­көлік өткелінің толығымен қызмет көрсетуі үшін трассаның халық­аралық талаптарға сәйкес қайта жаңғырту қажет.

17

▲ – ҚХР-дан келетін көлік кеден аума­ғына енген сәттен бастап электронды өткізу пунк­тінен өтеді. Бұл ҚР Қаржы ми­нис­тр­лігінің стратегиялық жоспарына сәй­кес жүргізіледі. Үкіметтің 2011 жылғы 8 ақпан­дағы №94 қаулысы негізінде бір көлік құралының кедендік шекара арқылы өтуіне 2015 жылы 65 минут уақыт белгіленген, – деп бастады «Алакөл» кеден бекетінің бас­шысы Мұхтар Мұхамеджанов.

18

18+

▲ – Құжат­тарды ресімдеу, көлік құралдарын арнайы өлшеу құралымен радиациялық ба­қылау жүзеге асырылады. Егер радиация­лық ба­қылау белгіленген шамадан жоғары бол­са, көлік кері қайтарылады. Көліктің сал­мағы, ұзындығы мен ені, биік­тігін тек­се­ретін авто­маттандырылған көлік ба­­қы­­ла­уы­нан өтеді. Құжатта көрсетілген нор­маға сай болса, көлік діттеген бағытына жө­нелтіледі. Бекет электронды таразы, элек­тронды өт­кізу пунктінің құралдары және тағы бас­қа техникалық құралдармен толық жабдық­талған. Алматы қаласындағы өткізу пункті­нің басқармасы қосымша бақылау жүргізе алу үшін, ресімделген құжаттар автоматты түрде сканерленіп, аталған басқармаға жіберіледі. 2011 жылдың қаңтар айынан кеден одағының шешіміне сәйкес элек­трон­ды жүйеге толық көштік, – деді Мұхтар Мұхамеджанов.

19

19+

▲ Көлік транзитін дамыту ең алдымен бизнестің дамуына, оның еркін қанат жаюы­­на әсер етеді. Құжаттарды ресімдеуді барынша жеңілдету, түрлі деңгейдегі кедер­гілерді болдырмау, жемқорлыққа тосқауыл қою, міне, кеденнің негізгі ар­тықшылығы осылар болуы тиіс. Сонда ғана біз тран­зиттік әлеуетімізді толық пай­даланып, Еуразия кеңістігіндегі өткізу қабі­леті жоғары транзитті елге айналамыз. Осын­дайда бизнестің құлағында ойнаған шетел­діктер үшін Қазақстан сенімді әріптес болатыны ақиқат. Ол дегенің, ел тұрғын­дарының әл-ауқатын арттыруына әке­леді.

20

20+

20++

▲ – Осы мақсатта «Достық» кеденінде ар­найы іс-шаралар әзірленіп, жүкті тіркеп өткізудің озық жүйелері қолданылуда. Жұ­мыс барысы, яғни тауарды рәсімдеу, авто­көлікті тіркеу толықтай электронды түрде жүзеге асырылады – деп Болат Тойшыбеков мырза кедендегі заманауи құрылғылармен таныстыра бастады. – «Алакөл» кеден беке­тінде рентген апараттарымен жасақталған мобильді инспекциялық-тексеру кешені жұмыс жасап тұр. Бұл – тауарды тексерудің ең жылдам тәсілі. Темір жол өткелі де осындай автоматтандырылған құрылғы­лармен жабдықталған.

21

▲ Кеден мамандарының біліктілігі де жо­ғарғы деңгейде. Қызметкерлердің барлығы мемлекеттік емтиханнан өткен азаматтар. Мекемеде сыбайлас жемқорлықты болдыр­маудың жолдары қарастырылған. Бұл тақы­рыпта ай сайын дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. Кез келген қызметкердің заңсыз әрекеті тіркеледі. Олқылықтарды анықтау мақсатында «сенім телефоны» орнатылған.

22

▲  – «Достық» кедені 2 кеден бекет, 8 басқарма, 3 дербес бөлімнен тұрады – деп адам ресурстары басқарма бастығы Бағдагүл Белгібаева мәлімдеді. –Жоғары білімді мамандар саны 237 бірлікті құрайды. Ол дегенің ұжымның 96 пайызын құрайды. Құрамын білікті, білімді мамандармен толықтыру үшін бос орындарға конкурс жарияланып отырады. Бүгінде бос орындар саны 30 бірлік.  Кеден қызметінен өзін көргісі келетін кез келген жас маманға біздің есігіміз қашанда айқара ашық.

23

23+

23++

23+++

▲ Кеден қызметкерлерінің арасында 2 спорт шебері, 1 спорт шеберіне үміткер, 5 дәрежелі спортшылар бар. Спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалынған. Тренажер залын, мини-футболға арналған стадионды, үстел теннисін қызметкерлер бос уақытта еркін пайдалана алады.

24

▲ 1992 жылдың маусымында Алматы – Үрімші бағытына жүретін, халықаралық «Жібек жолы» жолаушылар пойызы алғашқы сапарға жөнелтілді. Бұл қатынастағы пойыз алғашында аптасына бір рет, қазір 2 рет жүріп тұратын болды. Сондай-ақ өткен жылдан бері Астана – Үрімші бағытына жүретін, халықаралық «Достық» жолаушылар пойызы жүре бастады.

25

▲ Қазақтың тұңғыш ағарту­шы­лары­ның бірі, этнограф-ғалымы Шоқан Уәли­ха­новтың жазбаларына үңілсең, «Ебінің желі» туралы деректерге кезігесің. Күз айларында қуаты күшейіп, жазда саябыр­лайтын жел Жоңғар қақпа­сынан бастау алып Балқашқа дейін жетеді екен. Тіпті жел қысымы Алакөлге қарай кү­шейе түсетіні тағы бар.

26

▲ Сондықтан табиғат­тың бұл құбы­лысы жол қатынасына, балық аулауға, басқа да шаруаларға кедергі кел­тіреді. Әсіресе, қыс айларында, қатты боран соғып, жол жабылып қалғанда, талай кісі оқыстан жан тапсырып, тірі қалғанын үсік шалғаны үрей туғызады.

27

▲ Мұндай қиыншылықтарда қолдау көрсетер жан саусақпен санарлық. Жарат­қаннан сұрасаң жәбір көрмейсің. Елдің тілеуі еленіп, достықтықтар бүгін өз ерімен мақтана алады. Ол – Бекежанов Қайрат Зейнелханұлы. 1967 жылы осы Алакөл ауданында туып, осы жердің суын ішіп, еліне еңбегі сіңген азамат. Бала кезден еңбекке ерте араласып, өмірдің ыстық-суығын ерте сезінген десе де болады. Жас­тайынан төңірек біткеннің барлығын жаяу аралап, тау кезіп өскендіктен, Қайрат Зей­нелханұлы өз өңірін бес саусақтай жат­қа біледі. Бүгінде ол – «Достық» кеденінің қызметкері. Өзінің мамандығына қатысы болмаса да, Қайрат Зейнелханұлы далада адасып қалған немесе қар құрсауынан шы­ға алмай абдыраған жандарды құтқаруды парыз санайды.

28

▲ Қайда барсаң да, әріптестері мен жол­дастары Қайраттың ерлігін мақтанышпен айтады. Сонау бір жылдары, өңірдегі тө­тенше жағдайлар қызметкері тас жолда қалған бір топ азаматты құтқаруға кетеді. Содан уақыт өтіп, әлгі құтқаруға кеткен азаматтан да хабар болмай қалады. Дауыл­дың басылар түрі жоқ. Ауыл әкімі мазасыз­данып, ТЖМ өкілдерін тік тұрғызып, құт­қаруға дайындала бастайды. Түнделетіп бұл ақпарат Қайратқа да жетеді. Таңертең тө­тенше жағдайлар қызметкерлері сапқа тұ­рып, құтқару жұмыстарын қалай өткізуді жоспарлап жатқанда, Қайрат Зейнелханұлы далада қалған көлікті тіркеп, адамдарды өз көлігінің кабинасына отырғызып тура ТЖМ мекемесінің алдына жеткізіп тас­тайды.Тұйыққа тірелген жандарға күн демей, түн демей дер кезінде көмектесуі арқасында талай азаматты ажал қармағы­нан арашалап алып қалған Қайраттың бұл ісі, шынымен көпке үлгі.

Міне, осындай ерліктері үшін 2014 жылы Қайрат Зейнелханұлына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ерлігі үшін» төс­белгісін Ақордада салтанатты жағдайда тақты.

29

29+

29++

▲ Достық елді мекені Алматыдан темір жолмен есептегенде 861 шақырым қашықтықта орналасқан. 2009 жылғы санақ бойынша бекетте 4698 адам тұрған. Бүгінде, бейресми есеппен 7-8 мыңдай халық мекен етеді. Достыққа ең жақыл елді мекен Қытайдың Алашанькоу бекеті. Біздің бекетпен арасы  небәрі 12 шақырым. Біздің келесі репортажымыз Алашанькоу қаласына арналады.

  Асқар БЕКОВ,

Айдана НҰРМҰХАН.

Алматы – Достық – Алматы

2 Пікір

Пікір қосу