Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай шаһарында «Астана» велокомандасының 2015 жылғы тұсаукесері өткізілді. Командаға жаңа келген велошабандоздар да, бұрынғы мықтылар да қазақстандық команданың 10 жылдығында жеңістерге жетуге әзір екенін мәлімдеді.

01

Астана мен Алматы қалаларынан жиналған журналистер тобы Дубайды бетке алып, Алматыдан таң қараңғысында ұшып шықтық.

02

Ұшақ жолай Өзбекстан мен Түркменстан аспанында самғап, сосын Иранның әуе кеңістігіне енді. 10 мың метр биіктіктен парсы сахарасына көз тігіп отырдық.

03

4 сағаттық әуе саяхатынан кейін Парсы шығанағы қылаң берді.

04

04+

04++

Әрі қарай Араб түбегіне дендей ендік. Құлазып жатқан сары дала. Төбесінен қарасаң, ел тұрмайтын, тым кедей жұрт сияқты. Жолдары тақтайдай тегіс болса да, мына сары далаға жараспай тұрғандай.

05

05+

05++

Міне, Дубайға да келдік. Сары далада жатқан сұрықсыз қала сияқты көрінді. Бірақ бұл алдамшы көрініс екен.

06

Сәл тынығып, тамақтанып алғасын, жағажайға тарттық. Бірақ жағаның кез келген тұсына еніп кетуге болмайды екен. Үйлер мен ғимараттар жағадан шамамен 150 метрдей аулақта, екі аралықта дуалдар тұр. Рұқсат етілген тұстардан ғана көліктер енеді. Ауа температурасы +25 шамасында жылы болып тұрды. Бірақ қазіргі мезгілде түскі 12 мен 2-нің ортасында суға түскен дұрыс екен. Одан әрі су суып кетеді.

07

Әлемдегі ең биік ғимарат – Бурдж Халифа – дәл осы Дубай шаһарында. 2010 жылы қолданысқа беріліпті. Биіктігі 828 метр, 163 қабаттан тұрады. Бірақ күндіз бұл мұнара сонша салтанатты көрінбейді. Қаланың әр тұсынан менмұндалағанмен, әлемдегі ең биік ғимарат деп ойламайсыз.

08

Дубайдың жайма базары

09

Дубай метросы 2009 жылдың қыркүйек айында қолданысқа беріліпті.

10

Пойызда халық ығы-жығы. Жалпы Дубайды «әлем қаласы» дей беруге болады. Пойыз компьютермен басқарылады. Біз «жүргізушісі» жоқ бірінші вагонда сырғыдық.

11

Тұсаукесер ертеңіне, 1 ақпан күні «Жумейра-Бич» қонақ үйінде басталды. Астанадан арнайы барған «Сарыарқа» ансамблі қонақтарды қазақтың ән-күйлерімен қарсы алды.

12Ұйымдастырушылар жақсы дайындалыпты. Қазақ үйі тігілген, «Астананың» жеңісті сәттерінің суреттері айнала тақтаға орналастырылған.

13

Баспасөз мәслихатына Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дарқан Қалетаев, «Астананың» бас менеджері Александр Винокуров, команда капитаны Винченцо Нибали, Фабио Ару, Ларс Боом, Руслан Тілеубаев, Алексей Луценко сияқты велошабандоздар қатысты. Д.Қалетаев: «2015 жылғы «Астана» – даусыз, допингсіз, таза команда!» – деп мәлімдеді.

14

Ф.Ару ара-тұра телефонға қарап отырды. Уатсапта отырды, сірә…

15

Сосын «Жумейра-Бич» қонақ үйінің ту сыртында фотосессия басталды. Итальян тілінде сөйлейтін фотограф 29 шабандозды (Арман Қамышев қана белгілі себеппен келе алмапты) кезек-кезек суретке түсірді.

16

Велошабандоздар әлемге әйгілі «Бурдж-әл-Араб» қонақ үйін фонға алып суретке түсті. Бұл қонақ үй теңіз үстіне салынған. Жағадан 280 метр. Биіктігі 321 метр. Сыртқы келбеті кеме желкеніне ұқсайды. 1999 жылдың 1 желтоқсанында алғашқы қонақтарын қабылдай бастаған. 2008 жылдың сәуір айында дәл осы Дубайда «Раушан мұнарасы» ашылғанға дейін әлемдегі ең биік қонақ үй болған.

17

Винокуровтың қасынан бір сәт журналистер үзілген жоқ.

18

Жас «астаналықтар» Бақтияр Қожатаев, Мақсат Аязбаев және Даниил Фоминых өз кезектерін күтіп тұр.

19

Чемпион, капитан Нибали де (ортада) өз кезегін асықпай күтті.

20

2015 жылғы «Астана» өз менеджерлерімен бірге.

21

«Астаналықтар» қазақ үйдің фонында суретке түсуді де ұмытқан жоқ.

22

«Астана» менеджерлері қазақтың қою шайын ішуге кірісті.

23

«Астананың» тұсаукесерін ресейлік белгілі комментатор Сергей Курдюков пен «Қазспорт» арнасының редакторы Индира Бектенова жүргізді.

24

«Астана» командасын жаңа маусымның басталуымен Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама-Шариф мырза да құттықтады.

25

Велошабандоздар сахнаға бір-бірлеп көтеріле бастады. Алғашқы ондықты Фабио Ару бастап шықты. Александр Дьяченко, Якоб Фульсанг, Даниил Фоминых та осы сапта болды.

26

Паоло Тиралонгоның аты аталғанда, жұрт алдына Бақтияр Қожатаев шыға келді де, күліп жіберді. Сөйтсек, отандасымыз рет саны бойынша даңқты италиялықтың алдында екен.

27

27+

Винченцо Нибалиді жұрт қатты қолпаштап қарсы алды. Бәріміз де капитаннан «Тур де Франс» биігін күтеріміз анық. «Жатсам да, тұрсам да «Тур де Франсты» ойлап жүрмін» деді Нибали.

28

Бас менеджер А.Винокуров «Астана» өзінің 10 жылдығында әлемдегі ең мықты велокоманда екенін дәлелдейтінін айтып сендірді.

29

Артынша фуршет басталды. Жүрек жалғап тұрған – өзіміздің қырандар (Фоминых, Тілеубаев, Груздев). Фульсангпен бірге (сол жақта).

30

Қара костюм-шалбар киіп шыға келсе, бұл азаматтарды ешкім шайтанарбашы дей алмас.

31

«Астаналықтарды» «Дакар» жүлдегері Артурас Ардавичус та (ортада) қолдауға келіпті. Тұсаукесер осы фуршетпен тәмам болды. Біз елге жиналдық.

32Дубай көшелерінде «Тойота-Камридің» 50-моделі такси болып жүр. Қонақ үйдің алдында иіріліп тұрады.

33

Дубайдың әр көшесінде мешіт бар. Біз шейх Зайед көшесіндегі көпірлердің біріне шыға келгенімізде, шағын ғана ауданнан 6 мешіттің мұнарасын көрдік. Азан уақытында барлық телеарна көрсетіп жатқан хабарын тоқтата қойып, азан шақырады.

34

Сарғайған сары даладағы Дубайды қанат астында қалдырып, елге бағыт ұстай бердік. Кездескенше, Дубай!

P.S. Біз түнгі Дубайды аралауға да уақыт таптық. «Бурдж-Халифаны» түнде көрдік. Ерекше сәулеттеніп, жарқырап кетеді екен. Дубайдың биші бұрқағына да сүйсіне қарадық. Іргесіндегі «Дубай» моллында орналасқан әлемдегі ең үлкен аквариумды да асықпай тамашаладық. «Эмирейтс» моллындағы «қысқы бақты» да сырттай көрдік. Алайда пақырларыңыз дәл сол кезде фотоаппаратын бөлмеде ұмыт қалдырғандықтан, тамаша суреттер түсіре алмады. Ол үшін кешірім өтінемін.

Есей Жеңісұлы

Алматы-Дубай-Алматы

 

Әзірге пікір жоқ.

Пікір қосу