Өркениеті өрге дөңгеленген Еуропаны қалай айналдырсаң да өз даму діңгегінен еш айнымайтыны заман ағымымен сан мәрте рет дәлелденді. Кәрі құрлықты мекен еткен тұрғындар небір қилы заманда да болашаққа деген, дамыған қоғамға деген ұмтылысын еш бәсеңдеткен емес.
Ал қазіргі бейбіт заманда, олар тіпті көз ілінбейтін жылдамдықпен даму үстінде.

01

Әрине, мұндай көрсеткіш бір күнде, бір мезгілде келе қойған жоқ. Бұл – тырбаңдап жүріп, тырнақтап жинап, өз елінің экономикасын құс қанаты талатын биіктікке көтеріп тастаған еуропалықтардың еңбегі. Тамсанасың. Бәрі дайын. Сырттан келген қаншама жан сүйсіне отырып сол ортаға сіңіп кеткенін де байқамай қалған шығар.

02

Ал, бізге бұл жерде қалуға болмайды. Тек, ұстап, біліп, жақсы тұсын үйреніп, жаманынан жиреніп, көз жанарын тойдырып қана қатуға болады. Көкірегімізде қазақ үні сайрағандықтан, біз ол жерге ешқашан сіңіп кете алмаймыз. Магниттің теріс жағы секілді сыртқа теуіп тұрады. Шүкір дейсің, осындайда елің барына, жерің барына жаратқанға мың алғыс айтасың. Сол елде табандап қалған тамырсыздарға, жерлестеріңе қарап аяушылық тағы оянады. «Қайт ауылыңа, қара болсаң да әппағым дейтін жұртың бар» дегің келіп тұрады. Оны тыңдайтын құлақ болса сөйлей кетейін деп тұрсын. «Жоқ» деген жаңғырықты қайда барсаң да естисің. Таңдау өзіңде, біз де, сіз де демократиялы елде тұрып жатырмыз.

03

Қош, мың рет естігеннен, бір рет көрген артық. Еуропаның кербез де сұлу Испаниясын көру бақытын бізге «Эйр Астана» әуекомпаниясы сыйлады. Алдымен кәрі құрлықтың есігі Алматыдағы Испан еліне виза рәсімдеу орталығынан басталады. «Кімсің?», «Қайдансың?» деп тізбектеп кете беретін сұрақтардың ақыр аяғы айлығыңның қанша екенімен аяқталады. Саусақ таңбасын да алғаш болып осында түсірдік. Тура тергеу амалдары жүріп жатқандай күйдесің. Өзіңді қылмыскер емеспін деп айқайлағың келіп кетеді екен. Бірақ өркениет қауіпсіздікті талап еткен соң бәріне көндігесін. Біздің елге келетіндер де осындай процестен өтер ме екен деп оларды да бір ойлап қоясың?

04

Виза қолға тигенде бір лоторея ұтқандай күйде болдық. Ақша шашуға бара жатқаныңмен ісің жоқ. Банктен несие алып қуанған бейбақтың кейпіндей. Бастысы шетел көремін деген қуанышың.

05

Біздің мақсатымыз ұзын-сонар Еуропаны көктей өтіп Херес қаласына жету, ондағы FTE Jeres ұшқыштар даярлайтын оқу ордасында білім алып жатқан қазақстандық кадеттердің білім алу жүйесін көріп білу. Болашақ ұшқыштар жайлы біз сіздерге алдыңғы фоторепортажымызда баяндаған болатынбыз.

06

Ал бұл репортажымызда Периней түбегі тұрғындарының мәдениеті мен тұрмысын, экономикасын, жалпы испан үкіметінің өз тұрғындарына жасаған жақысылығын баяндайтын боламыз.

07

08

Херес пен Алматының арасында ұшақ қатынамайды. Сондықтан 3-4 аялдап барып жетесіз. Франкфурт пен Мадрид алғашқы күніміздің қалалары. Ары қарай темір жол желісі арқылы Севильяға жеттік. Темір жолмен жету деген түсінік бұл елде ұшақ жылдамдығымен жету дегенмен пара-пар. Ойлай беріңіз, Алматыдан Шымкентке сіз пойызбен небәрі 2,5 сағатта жетіп барсаңыз. Керемет емес пе? Бізде бұл таңсық болса, Испанияда ол ақиқат. Тальгоның отаны Испания екені бекер емес.

09

Пойыз вагондарының жайлылығы жөнінде айтпай-ақ қояйын. Бәрі сіз ойлағандай тамаша. Басты ерекшеліктері онда жатын орындар жоқ. Өйткені, жатамын дегенше сіз жетіп үлгіресіз. Қауіпсіздік жоғарғы деңгейде. 2013 жылғы Мадрид – Ферроль бағытындағы ірі апаттан кейін елдің темір жол тасымалы оң өзгерістермен толықты. Ирелең-бұралаң тұстардың барлығында жылдамдық автоматтандырылды. Вагондарда поезд жылдамдығы мен елді-мекендер табло арқылы хабарландырып тұрады. Бізді ауылдың атауынан гөрі жылдамдықтың көз алдымызда өсіп 280-ге жеткені таңқалдырды. (Суретте Төлеген Есімов пен Өркен Кенжебек. Оларға 280 таңсық емес, өйткені олар әлемнің дамыған он шақты елінде мұндай поездың түр-түрін көрген.)

10

Біздің отарбалардың жүрісінен үш есе көп жылдамдықты терзеге қарап анық байқауға болады. Ал терезенің арғы жағында ауыл шаруашылығы өркендеген, егістік алқаптары сызғышпен сызып қойғандай, сиыры бұзаулы, шарбақтары бояулы аграрлы елдің бейнесін көресіз. Көк түтіні будақтап жатқан бір зауытты байқамадық. Экология деген ұғым біздің елдерге ғана тән ба деп қаласың. Бәрі өсіп, өркендеп жатыр. Әлгі сағатына 280 шақырым жылдамдықты Испания экономикасынан да байқауға болады.

Вагондарда тұрып тұрған артық адам жоқ. Әркім өз орнына жайғасып алып ноутбуктарын қоса қалады. Біреудің компьютеріне үңілген әлбетте ерсі, бірақ «бұлар не істеп жатыр» деген қызығушылық жан жағымызға мойнымызды еріксіз бұрғызды. Қарайсың да, біздің компютермен жұмыс істей аламын деген тіркесіміз бұл елде жарамайтынын ұғасың. Түрлі есеп-қисап, рейтингтік шкалаға үңілгендер, құжаттарды жүйелеп отырған қауым. Әйтеуір жүйелі жұмыс. Фейсбук пен Туйттерге үңіліп, алтын уақытын сарп етіп отырған біреуін байқамадым. Немесе сурет парақтап музыка тыңдап отырғандар да жоқ.

11

Қайта-қайта тоқылдап мазаңды алатын пойыз дөңгелегінің дыбысын естімей ақырғы нүктеміз Хереске (ред. Херес-де-ла-Фронтера) де жеттік. Талдықорғаннан сәл ғана үлкен шаһар, алайда тарихы тым тереңде.

12

13

14

15

16

Дәл осы қаланың түбінде 711 жылы араб-бербер жауынгерлері Родерих патша басқаруындағы әскерді күл талқан етіп, Испанияда мұсылман мәдениетінің қалыптасуының негізін қалаған. Оған, қаланың орталығында орналасқан Әлқасыр қамалы куә.

17

18

18+

18++

Одан бөлек испан биі – Фламенко, бұқамен сайыс – коррида, жүзім алқаптарының өнімі – әйгілі Херес шарабы, жорға мінген шабандоздардың сәйгүлігі – Андалуз жылқысы, міне ұлттың осындай ұлы құндылықтары туристердің қызығушылығына ұсынылады.

19

Ғимараттардың архитектурасында шығыстық сипат белең алған. Тұрғын үйлер жабық үлгіде салынады. Демалыс алаңдары үйдің ортасында орналасқан. Көшеден қараған сұқ көзге ештеңе көрінбейді. Біздегі өзбектердің үйлері секілді ме деп таңырқадық.

20

Мұхиттан ілгері орналасқанымен шаһардың орталығында балық базары сырттан келгеннің көзіне оттай басылады.

21

22

23

24

25

26

27

Сазан мен табан балықты жеп өскен сырдың баласына мұхитта тіршілік еткен мыңдаған балықтың алуан түрі расымен қызық. Акула мен тунецің, сегізаяқ пен шаяның қыздың жиған жүгіндей бірінің үстіне бірі қаланып тұтынушысын баурауда. Мына су тіршілігін біз Алматыда 40 қабат мұзымен бірге сатып аламыз, мұнда бәрі теңізден жаңа ауланған. Әттең алып кете алмаймыз, алайды асханаларынан дәм татуға болады.

28

Айтпақшы, асханасы өзінше бір әңгіме. Үндістан мен Тайландта ащыдан қашсаң, мұнда керісінше, тұз бен бұрыш тамақ атаулысында жетіспей тұратындай. Ет (ред. стейк) біткеннің бәрі шикі. Тұрғындардың пайымдауынша бұл қайта пайдалы. Тіпті етті өз қанында пісіріп береді. Біздегі гурмандарды осында жіберу керек-ау. Ең қиыны халал тағамдарды жаны сүйетін жандардың тағам таңдауында. Шошқа еті, әсіресе Хамоны қайда барсаң алдыңнан шығады. Тек әлгі балық базарының өнімі ғана мұсылманға медеу бола алады.

29

29+

Херес – біз үшін енді апельсиннің отаны. Себебі, қала тұрғындарын көлігімен қоса есептегенде апельсин ағашының санына жетпейді-ау.

30

Біздің сапарымыз көпке созылмады. Үш күн аралап үш жылға азық жинап қайттық. Бастысы өз атамекеніңе жетер жер жоқ екенін жете түсіндік. Қазы мен қартаның, қымыз бен құрттың орнын толықтыратын дәрумендер жат жерден іздесең де таппайды екенсің. Қазақы дархан көңіл тек қазақ сахарасында ғана еркін тыныстанады екен…

 Асқар БЕКОВ,

Алматы-Мадрид-Херес-Алматы

2 Пікір

Пікір қосу