Cіз – көре отырып табиғат ананың тұңғиығына сүңгісеңіз, тарихтың таңбасын байқасаңыз, ұлттық ұлылығын сезініп болмыс пен ақиқаттың арасында адассаңыз, онда ұлы суреткердің шығармашылығының шеңберіне еніп кеттім деп ойлай беріңіз.

01

Біздің зейініміз өз замандастарынан оза шапқан тарбағатайлық Бағдар есімді азаматтың төл туындыларына бағытталды.

01+

«Талант тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген тәмсілдің шындығын мына ғажап фотосуреттердің өздері-ақ айтып тұр. Жақында қандасымыз Қытай фотосуретшілер одағы мен Photographic Society of America ұйымы бірлесіп ұйымдастырған үлкен байқауда жүлделі орынға ілікті.

002

42 елдің 686 кәсіпқой суретшілері қатысқан сайыста қазақ баласы таңбалаған фото үздіктер қатарынан табылды.

05

Ақтық сынға өткен 1172 фотосурет 5 аталым бойынша сарапқа салынды.

06

Табиғаттың сырына терең үңіле білген Бағдар бауырымыздың фотосуреті қола жүлдені иемденді.

Багдар

Жат елде тұрса да, дәстүрі мен туған тілін ардақтауды еш ұмытпаған азаматты сіздерге таныстыруды жөн санадық. Ендеше таныс болыңыздар. Бағдар деген талант осы жігіт.

007

– Бағдар, суреттеріңнен табиғат анаға махаббатыңды бірден байқауға болады. Шабытыңды туған жерге деген ынтығың оятады ма?

– Әлбетте, кіндік қаның тамған жер қашанда ыстық болатыны сөзсіз. Ата-бабамның ізі жатқан аймақ мен үшін қасиет. Жүрек қуысымда даламның жаңғырығы мәңгі сайрап тұрады. Сондықтан мені ең бірінші туған өлкеме сағыныш жігерлендіреді. Қытайдың Тарбағатай облысының Дөрбілжін ауданында дүниеге келдім. Әке-шешем қызмет бабында болғандықтан мені нағашы атамның қолына жиі қалдырып кететін. Ал ол кісілер тұмса табиғаттың құшағында, жазда жайлау, қыста қыстауда тіршілік кешкен. Мен үшін бұл кезең балалық шағымның ең сәулелі дәурені еді. Ұлы табиғатқа шексіз махаббатым осы уақыттан басталды.

008

– Қазақ даласын, ата-бабаңның туған жерін суретке түсіріп тарих парақтарында қалдыруды армандайсың ба?

– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демеуші ма еді. Ұлтымды, Отанымды, қазақы болмысымызды, тарихымыз бен дәстүрімізді әлем жұртшылығына үлгі ретінде фото арқылы суреттесем деп армандаймын. Қазақтай көңілі дархан елдің барын, бейбітшілкті ұран еткенін, тарихының тереңде екенін өз көзқарасыммен жария еткім келеді. Жаратқан жар болса ол уақыт та алыс емес.

09

– Бүкіләлемдік фотографтардан өзіңді қай жағынан ерекше санайсың?

– Мен небәрі 24 жастамын. Шинжаң көркем өнер институтының дизайнер мамандығы бойынша оқуымды жақында тәмамдадым. Жапа-машақаты көп осы өнер жолына жаңадан түстім. Әлі де үйренерім көп. Басқалардан артықпын деп айтуға аузым бармайды. Өзгелерден менің ерекшелігім, бәлкім қазақ болғанымда шығар. Көшпенділердің тұрмысы мен өнегесі маған етене жақын. Қалай суреттеуді жіті сеземін. Табиғат анаға сүйіспеншілігім де шығармашылығымның негізгі түпқазығы.

010

– Мақсатың мен мұратын?

– Арман-мұратым қолымдағы фотоаппаратыма тұтас әлемді сыйдырсам деймін. Адам аяғы баспаған жерлерде болып, сол тынысты боямасыз кейіпте көрсеткім келеді.

011 kuszhuol

 

012

003

004

013

014

015

016

017

018

019

020

021

022

023

024

025

026

027

Әзірлеген

Асқар БЕКОВ

3 Пікір

Пікір қосу