Тарихы тереңнен тыныстаған Азияның оңтүстігіндегі ғажайып ел расымен де мың түрлі. Үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін шексіздік пен ғажайып болмыс – үнді елінің ерекшелігін ғана паш етіп тұрғандай.
Бұл – шалқыған қоғам мен өмірге жармасқан бұқараның қарама-қайшы қағидаттарынан қалыптасқан, артынша сол екі жікті барынша жақындатуға күш жұмсап, Үндістанды гүлдендіруге талпынған үнді ұлтының мемлекеті.

APTOPIX India Eid

Жалпы, үнділер де тура қазақ секілді мал баққан ел, ешкімге соқтықпай жай жатқан ел. Тарихқа үңілсеңіз, үнділер ешбір елге бірінші болып шабуыл жасамаған. Қой мінезді халық талай жылдар бойы біресе Орталық Азияның жүректілеріне жем болып, біресе Еуропаның боданына айналып, турасын айтқанда, тәуелсіздігін аңсаған, бостандықты бақ тұтқан мемлекет. Міне, 1947 жылдан бері бұл мемлекеттік басты құндылығы – тәуелсіздігі.

02 Хайдарабад

02+ Бхопал

Дегенмен тәуелсіз ел болу бір басқа да, оны сақтап қалу бір басқа. Бұл сезімді әрбір үнді жіті сезіну керектігін Ганди мен Неру талай еске салған болар. Яғни қағаз жүзінде ғана емес, ішкі рухани һәм еркін ойлы азаматтардан қалыптасқан, жемқорлықтан ада, өз тілінде еркін сөйлейтін қоғам атанып азат болу әрбір тұрғынның есінде болу шарт.

03

Бүгінде Үндістан дамушы мемлекет. Экономикасы күн санап өсуде. Демократияның даңғыл жолынан енді олар адаса қоймас. Өз принципі мен бағытын бекемдеп үлгерді. Алайда олқы тұстары да жоқ емес. Бір қарын майды шірітетін бір құмалақтар бұл елде де жетерлік. Естіген құлаққа сенбеуші едік, көрген көзді енді алдай алмаймыз. Өткен аптада Үндістанның жүрегі саналатын Мадия Прадеш штатының орталығы Бхопал қаласы мен Теленгана штатының орталығы Хайдарабад қаласына «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен 5 күндік іссапарға аттандық.

04

Діні мен діліне берік, дәстүріне адал қос шаһардың тұрғындары екі әлемде өмір сүріп жатқандай. Басым көпшілігінің тұрмысы төмен, дәлірек айтсам, сіңірі шыққан кедейлер.

05 Бхопал

Енді бір бөлігі байлық пен қызықтың ортасында. Бар игі жақсы сол азаматтардың аузында.

06 Бхопал

Ал ауылда – барлығы бірдей. Күнделікті тамағын, бір киер киімін әзер тауып отырған жандар. Бұлар тіпті байлықты өз көздерімен көрмеген де болар. Барға қанағатшыл қоғам. Тіпті қанағатшыл деуге де болмас, жақсы өмірге деген ұмтылыс пен артық еңбек етуге құлықтары жоқ болып көрінді. Бәлкім, оқу-ағарту өмірлерінің маңызына баланбайтындықтан болар. Не керек, пұтты құт көріп, сол өздігінен жақсы өмірді алып келетіндей жүреді.

06 + Санчи

Санчи – Бхопал қаласынан 46 шақырым қашықтықта орналасқан ғибадатхана. Ашока патшаның бұйрығымен біздің дәуірімізге дейіңгі ІІІ ғасырда құрылысы басталған үнді мәдениетінің құнды мұрасы бүгінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енді.

07 Санчи

Жемқорлыққа жеке тоқталған абзал. Әуежайдан басталған сыбайластық ауылдан бір-ақ аяқталады. Аяқталмай қайтсін, ауылдан ары қарай ақша жоқ. Халықтың сауатсыздығын жергілікті басшылардың басым бөлігі өздеріне тиімді пайдаланады. Жалпы, үнді қоғамының 30 пайызы білімсіз деп саналады. Ойлай беріңіз, миллиард халықтың 30 пайызы деген – 300 млн адам. Ол дегенің ТМД аймағының түгел тұрғыны білімсіз деген сөз. Жағамызды ұстататын цифр.

08

Сол 30 пайыз өзінің құқығын қандай екенін тағы білмейді. Мектеп, аурухана, үкіметтің басқа да жақсылығын сезіне алмайды. Сол баяғы сауатсыздықтың салдарынан. «Аңқау елге – арамза молда» демекші, жергілікті басшылардың бар білгені – өз қандастарын қанау ғана.

09

Алайда Үндістанның жоғарғы басшылары да қол қусырып қарап отырмағаны аян. Өздерін әлемнің дамыған елдердің қатарынан көргісі келетінін біз теледидардан естіп, біліп жүрміз. Елдің оңалып кетуіне түрлі бағдарламалар, халықты еңбекпен қамтудың бар тетіктері жасақталып жатыр. Тіпті әжетхана салуға арналған үлкен бастаманы да айтуға болады.

10

Дәретті көрінген жерге сындыру жергілікті тұрғындардың қандарына сіңіп кеткен. Біле білсеңіздер, Үндістанда антисанитариядан пайда болатын диареядан жылына 600 мың адам мерт болады. Оның үштен бір бөлігі – балалар.

11 Бхопал

Тағы бір өткір мәселе – бюджеттен бөлінген қаржыны жұмсай алмай, ортақ қазынаға қайта қайтарылатындығы. Біздің елде де кезігетін жайт, бірақ біздің жағдай бұлардікінен әлдеқайда шүкір болғандықтан, еленбей қалып жатады.

12

Ал үнді кедейлеріне бюджеттің әр тиынының жұмсалғаны абзал. Халық еңбек етіп, сол қаржыны қолдарына түсіруге талпынады. Тапқан табыстарын толықтай ала алмайтынын біле тұра, ел жұмыс істеуге құштар. Ал тапталған құқығын жауып қоя салғанға еттері үйреніп кеткен. Бірақ Делидегі басшылар халықты барынша оятуға, құқығын аяқ асты етпеуге, айналып келіп білімге итермелеуге тырысып бағуда.

13

Билік пен бұқараның арасын алшақтатпау үшін елде әлеуметтік аудит іске асуда. Яғни жергілікті басшылардың қаржы жұмсаудағы іс-әрекеті халыққа барынша жария болады. Ауыл төңірегіндегі жиындарда әлеуметтік аудит қызметкерлері өткізілген тендерлерді жариялап, оның нақты қай салада қалай жұмсалып жатқанын, кімнің қолына тиіп, кімге жетпей жатқанын ауыл жиындарында жариялап тұрады. Билік пен бұқараның бетпе-бет жүздесуі ең алдымен ашықтықты, күрмеуі қиын мәселелерді тез шешуге септігін тигізерін ел басшылары жақсы түсінген.

14

14+

Құрамында Ұлттық экономика министрлігінің аймақтық саясат және жергілікті өзін-өзі басқару департаментінің қызметкерлері, қоғамдық ұйым жетекшілері, журналистер, «Сорос-Қазақстан» қорының үйлестірушілері бар Қазақстаннан барған біздің топ Мадия Прадеш штатының ауылдарын аралап, әлеуметтік аудиттің іс-жүзінде қалай өтіп жатқанын өз көзімізбен көріп қайттық. Алдау мен арбауға түскен жергілікті тұрғындардың өз құқығын талап етуді үйрететін, қысылмай қажетін сұрай алатын дәрежеге жетуге әлеуметтік аудиттік көмегі көптеп тиюде.

15

Құрылыс алаңдарында, жол жөндеу жұмыстарында, басқа да әлеуметтік бағдарламаларда үкіметтің ақшасы қалай жұмсалып жатқанын әлеуметтік аудит жіті бақылап отырады. 2-3 айда бір рет ауыл тұрғындарының жиынын өткізіп, атқарылған іс-шараларды саралап, әлеуметтік аудит қызметкерлерінің есебін тыңдап, оң нәтиже шығару процесі елдің даму діңгегінің оң бастауы десек те болады.

16

Үндістан ресми түрде 2 тілде сөйлейді. Хинди және ағылшын. Бұл заңмен бекітілген. Неге ағылшын десеңіз, ол былай. Біріншіден, үнділер ұзақ уақыт бойы британдардың отарлауында болды. Яғни басшылықтың барлық деңгейінде ағылшын тілі үстемдік құрды. Әрі білім, ғылым, әлеммен қатынас тілі ағылшын болғандықтан, олар бұл артықшылықтарынан бас тартпады. Екіншіден, ел тұрғындары орналасу аймағына байланысты 22 тілде сөйлейді. Оған 2000-ға жуық диалектіні тағы қосыңыз. Бірінің тілін бірі түсіне бермегендіктен, оларға ортақ тілдің қажеті қатты білінді.

17

17+

17++

Жалпы, Үндістан – аграрлы ел. Қала мен ауыл арасы түгел егістік алқаптары. Негізгі қоректері – күріш, сондықтан күріш алқаптарын елдің кез келген өңірінен көре аласыз.

18 Бхопал

Муссондық жауындардың да пайдасы орасан. Күріш алқаптары мол ылғалды қажет ететіндіктен мұндай ауа-райы күрішшілерге тиімді-ақ. Қатты жауын кезінде өзен-көлдердің арнасы қажетті мөлшерге толып, егін алқаптарының судан таршылық көрмеуіне көптеп көмегі тиеді.

19

Жайылымды жердің аздығы мал бағуға қолайсыз. Етке қызықпайтын үнділерге бұл маңызды да емес. Сиырдың қасиет саналатыны да содан болар. Ал ет жеп өскен біздер үшін бұл тұрпайы көрінді. Байқағанымыз, үнділер қазаққа қарағанда майда әрі әлжуаздау болып келеді. Қымызды қотара ішіп, қазы-қартаны асап жегеннің пайдасын қазақтың болмысынан анық байқайсың.

20

Есесіне үнді қыздары әлемнің басқа аруларына қарағанда ибалы, инабатты болып келеді. Ер-азаматтың алдын кеспек түгілі бетіне тіке қарамайды. Отбасы құндылығын бірінші орынға қоя біледі. Ұлттық киімі бойында, басынан орамалын тастамауға тырысады. Бәлкім, бес саусақ бірдей болмас, бірақ басым көпшілігі бізге солай көрінді.

21 Бхопал

Елдің ластығына келсек, алғашқы орыннан жақын күндері ысырыла қоймайды-ау. Әжетханалар елге ауадай қажет. Қала көшелері темірдей тәртіпке зәру. Ауыл іргесіндегі өзен көлдердің барлығы кір жуатын тоғанға айналған. Тізбектеп кете беруге болар, бірақ сіздер Үндістанды көрмей кете ме деп қорқам.

22 Хайдарабад

22+ Бхопал

Әрине, үкімет те қол қусырып қарап отырған жоқ. Елдің мәдениетін арттыруға бар күшін салуда. Бірақ мен мәселені мәдениеттен емес, елдің ұстанатын индуизм дінінен іздедім. Құлшылық орындарының басым бөлігі өте лас. Ау, дін деген тазалықтан басталмаушы ма еді?! Дәретсіз мешітке енбеген, дастарқанға отырмаған, бала емізбеген қазағыма бұл жат қылық. Вишну мен Кришна адамның даму құндылығы басқада деп айтты ма, әлде айтқанға құлақ аспайтын үнділердің өздері кінәлі ме, әйтеуір индуизмнің төңірегі таза еместей болып көрінді.

23 Дели

Көш жүре түзеледі демекші, үнді қоғамы да уақыт өте бұл келеңсіздікті артқа тастар деп сенеміз. Айтпақшы, Үндістанда ішкі әуе қатынасы жақсы дамыған екен. Мен көрген төрт қаласының әуежайы халықаралық стандарттарға сай. Ішкі рейстердің саны едәуір көп. Бюджеттік әуе компаниялардың қызметі қалтқысыз. Әлемде жер көлемі жетінші орын алатын Үндістан авиация саласын мықтап қолға алыпты. 2,7 млн шаршы шақырым жеріміз бар біздің ел де Үндістаннан үйренер тұсымыз көп.

24

24 + Хайдарабад

Ғажайып үнді еліне жасаған сапарымыздан түйгеніміз көп. Халқын мәдени дағдарыстан оятуға күш салып жатқан үнді қоғамының оқыған азаматтарының еңбегі еленуі тиіс. Қазақстаннан барған біздің делегация да жергілікті өзін өзі басқару жүйесі қандай принциптерден жасақталғанын көріп білді. Әлеуметтік аудиттің жемісін халық көре бастағанына көз жеткізді.

25

Үнді елі Қазақстан мен ОАР-дан келген делегаттарды ыстық ықыласпен қарсы алып, елдегі әлеуметтік аудиттің қыр-сырымен етене таныстырды.

26

Аталған сапарды ұйымдастырған «Сорос-Қазақстан» қорына алғысымызды білдіреміз.

27 Асқар Беков

Асқар БЕКОВ.

Алматы-Дели-Бхопал-Мумбай-Хайдарабад-Алматы.

5 Пікір

  1. Оу, оу, Russel, бетке айтсай ондай мақтауды. ))) Ел өзін мақтатып жатыр деп ойлап қалады. Дегенмен рахмет!

Пікір қосу