Әлемде жер көлемі бойынша 9-орын алатын қазақ елі үшін авиация саласын дамыту өзекті мәселе. 2,7 млн шаршы шақырымды алып жатқан кең байтақ Қазақстанның шығысы мен батысының ара қашықтығы 3000 шақырымнан асып жығылады.
Яғни Өскеменнен Ақтауға пойызбен не көлікпен жету деген кемі 3 күнге пара-пар алтын уақытыңды сарп ету деген сөз. Осындайда әуе қатынасының тиімділігі ойға бірінші оралады.

01 FTE Jerez

Алайда Өскеменнен – Ақтауға, не болмаса Павлодардан Атырауға ұшақ ұшпайтынын, ұшқан жағдайдың өзінде оның бағасының аспандап тұратынын бәріміз білеміз. Бағаның қымбат болуы да заңдылық. Керосин, ұшақтардың тұрағы, әуежайдағы қызмет көрсету құны деп кете беретін қызметтің барлығы аз ақша емес. Отандық ұшқыштар жетіспейді. Кеңес үкіметінен қалған мамандардың басым бөлігі зейнеткерлік жасқа өтіп кеткен. Содан болар, борт капитанынан бастап ұшқыштарға дейін шетелден алдыратынымыз жасырын емес. Ол өз кезегінде үлкен қаржыны талап ететіні ақиқат.

02 Ұшқыш

Бірақ та қол қусырып қарап отыруға тағы болмас. Экономикамыздың өсуі әлбетте – логистикаға, ал бұл сала тасымалға зәру. Демек, жылдам жеткізудің бірден-бір құралы – әуе қатынасы. Азаматтық авиацияның да етек жаюы ел тұрғындарының басты арманы. Сондықтан бұл салаға білікті мамандар, әсіресе отандық ұшқыштар бірінше кезекте қажет.

03 Ұшқыш

Міне, осы олқылықтың орнын толтыруды ең алғашқылардың бірі болып ұлттық әуетасымалдаушы «Эйр Астана» компаниясы қолға алып отыр. Ab-Initio бағдарламасын әзірлеп, елдегі талантты жастардың басын қосып, арасынан үздік шыққандарды шетелдерге оқытуға жіберуде. Әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алған төл ұшқыштарымыз маман тапшылығының орнын толтыратыны ақиқат. Оның үстіне, біздің ұшқыштар 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін тілдесе алатын болады.

04 Ұшқыш

Ab-Initio бағдарламасына сәйкес, біздің елден аттанған болашақ ұшқыштар толықтай Эйр Астананың қаржысына оқытылады. Алайда елге оралған жас ұшқыш оқу қаржысының 50 пайызын 7 жылдың ішінде компания қазынасына қайтаруға міндетті. Ұлттық әуетасымалдаушы компания оларды жұмыспен қамтамасыз етеді. Және жоғарғы жалақы тағайындайды. Бұл ұшқыштарға үлкен көмек болатыны сөзсіз.

05

Жалпы аталмыш бағдарлама бойынша бүгінгі дейін 142 кадет әлемнің үш елінде оқуын аяқтады. 25 студент қазіргі уақытта білімін жалғастыруда. Олар – АҚШ, Ирландия және Испанияда 15 ай бойы теориялық-практикалық курстардан өтеді. «Эйр Астана» басшысы Питер Фостер мұнымен тоқтап қалмайтынын, керісінше жыл сайын 25-30 студентті оқумен қамтамасыз ететін алға тартты.

06

Жақын күндері «Эйр Астананың» экипаж құрамы жаңа отандық ұшқыштармен толыға бастайды. Бұған біз Испанияның Херес қаласындағы FTE Jerez Еуропаның ұшқыштар даярлайтын оқу ордасында болған іссапарымызда куә болдық.

07 Эйр Астана

Биыл осы оқу орнын қазақстандық 6 студент тәмамдады. «Эйр Астана» басшысы Фостердің өзі арнайы келіп, жас ұшқыштарды әлемдік стандартқа сай сертификат және авияция төсбелгісімен марапаттады. Салтанатты кеште FTE Jerez Еуропаның жетекші ұшу мектебінің директоры Оскар Сордо, ұшу құрамын оқыту жөніндегі директор Филиппос Сиаккас және Boeing 767/757 әуе кемесінің командирі Тимур Машуров сөз сөйлеп, үлкен сынақтан сүрінбей өткен кадеттерді «Эйр Астананың» екінші ұшқышы атануымен құттықтады.

07+1 Эйр Астана

Питер ФОСТЕР,

«Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті:

– Бүгінгі уақытта «Эйр Астананың» әуе паркінде 30 ұшақ халыққа қызмет етуде. Оның 14-і – жаңа ұшақтар, небәрі 18 айдың ішінде алынды. Жоспар бойынша 2016-2019 жылдар аралығында тағы 9 ұшақ сатып алу көзделген. Олардың ішінде Boeing 787 Dreamliner-ді айта кетсек болады. Қазіргі уақытта біздің компания 45 бағытпен әуеқатынас орнатты. 19 мемлекетпен байланыс бар, жақын күндері, яғни 2015 жылы Астана-Париж бағытын ашуды жоспарлап отырмыз.

08 FTE Jerez

Еуропаның ең үздік оқу орнында әлемнің беткеұстар Emirates, British Airways, Qatar Airways, Loganair сынды оншақты әуекомпанияларының кадеттері білімін шыңдап жатыр. Арасында «Эйр Астананың» кадеттері, кәдімгі біздің қаракөз қыз-жігіттеріміз де білім алуда. Қазақ авиациясын, оның ішінде «Эйр Астананы» әлемдегі үздіктер қатарынан көрсету, міне, осы азаматтарымыздың еншісінде болатыны сөзсіз.

09 Херес

FTE Jerez ұшқыштар мектебі Андалусияның Херес қаласының іргесінде орналасқан. Климаты жұмсақ, жылдың 300 күні ұшуға қолайлы ауа райымен ерекшеленеді.

10

10+1

10+2

10+3

10+4

Оқу ордасы барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген, Херес қаласының халықаралық әуежайының аумағында орналасқан.

11

11+1 Ұшқыш

FTE Jerez меншігінде 2 моторлы Diamond-тың 5 ұшағы мен 1 моторлы Piper сериясының 26 ұшағы бар. Бұл – кадеттердің ұшып-қонуына берілетін алғашқы ұшақтар. Осы шағын ұшақтарды басқару арқылы олар өздерінің тәжірибесін арттырады.

12

Басты мақтаныштары – Boeing-737-800W симмуляторлық ұшағы. Кәдімгі алып әуекемесінің айна-қатесіз көшірмесі. Boeing-737-нің табалдырығын аттаған әрбір студент үлкен жауапкершілікті осы бортқа енгенде ерекше сезінеді.

13 Аскар Беков

Штурвалға иелік етіп, оны әуеге көтеріп қайта қондыру асқан шеберлікті талап етеді. Ұшқыштардың қасиетті орнына отыру біздің бір топ журналистерге де бұйырды. Штурвалды ұстағандағы біздің бірінші сезіміміз кадеттің дәл осы бөлмеден ысылып шығатынын сездірді.

14 FTE Jerez

14+1 Ұшқыш

Оқу ордасында авияция саласындағы әлемнің үздік мұғалімдері шоғырланған. Басым көпшілігінің азаматтық авиацияда кемі 10 жылдық еңбек өтілі бар азаматтар. Оқытушылардың 50 пайызы – әскери авиация мамандары. Бұл кадеттердің темірдей тәртіппен, асқан тиянақытылықпен оқу ордасын аяқтауға септігін тигізеді.

15

15+1

15+2 FTE Jerez

Оқу кезеңінің соңғы апталарында студенттерге үздік әуекомпаниялардың дәл қазіргі уақытта ұшып жүрген ұшқыштары өз тәжірибесін бөлісіп, сабақ береді. Практикалық және теориялық үлгіде дәріс алған студенттерге ұшқыштардың әр бағыттағы жинаған мол тәжірибесімен бөлісу көп көмек беретіні анық. Әр елдің, әр әуежайдың өзіндік ерекшелігін, өзіндік атмосферасын сұрап-білу кадеттер үшін таптырмас мүмкіндік.

16 Эйр Астана

Ал біздің кадеттер, бұйырса, ішкі рейстерден өз қызметін бастап, кәсібилігін ұштап, әрі қарай халықаралық рейстерге ауысады.

17 Эйр Астана

Елден барған журналистердің көз алдында FTE Jerez Еуропалық ұшқыштар мектебін алты қазақстандық кадет үздік тәмамдап, өз даңғыл жолдарын тапты. Олар – Темірлан Қадыров, Мұхамеджан Мұстафин, Алтынбек Зейнелов, Уәлихан Исабаев, Артем Кудашев және Наталья Линченко. Енді бұл азаматтар «Эйр Астанаға» тиесілі Boeing, Airbus немесе Embraer-дың экипаж құрамына еніп, осы ұшақтарды басқарудың бір жарым айлық курсын тәмамдайтын болады.

18

18+1

Біз, Испан жеріндегі басқа да қызықтарды  кезекті фоторепортажымызда баяндайтын боламыз.

19

Сапарымызды ұйымдастыруға көмектескен «Эйр Астана» әуекомпаниясының халықпен байланыс бөлімінің вице-президенті Белла Тормышеваға, PR-менеджерлер Тілек Әбдірахимов пен Сәуле Сергазиноваға алғысымызды білдіреміз.

 Асқар БЕКОВ.

Алматы-Херес-Алматы.

7 Пікір

  1. Асеке мына репортажын дұрыс болды. Әдетте бізден енді ұшқыш шықпайтындай әсер қалтырушы еді. Сол күмән-күдіктің бәрән сейілттің.

Пікір қосу