«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, Алматы метросын жазбаған, сынамаған тіпті мақтамаған да жан қалмаған шығар. Жиырмасыншы ғасырдың аяғында басталған алып құрылыс естеріңізде болар, 2011 жылы діттеген жеріне жетіп
пайдалануға берілді. Бірақ тақияға тарлық етер 7 бекеттің мүмкіндігі қала тұрғындарының толықтай еркін қозғалуына кедергі келтіруде. Бар себеп тұрғындардың тығыз қоныстанған қаланың батыс аудандарына метро тармағының әлі жетпегендігі болатын.

00 метро Алматы

Сондықтан болар, кезекті екі бекеттің құрылысының жай-жапсары сіздер үшін де, біздер үшін де қызық. Жаңа «Мәскеу» және «Сайран» бекеттері қай уақытта ашылатыны және оның архитектурасы қандай болатынын құрылыс алаңында болған фототілшілеріміз Асқар Беков пен Нұрлан Жұмахан алғашқылардың бірі болып біліп қайтты.

01 метро Алматы

Қай мамандық болмасын, ең бірінші білімділік пен біліктілікті қажет етеді. Ал метро құрылысында еңбек адамы мұндай қасиеттерсіз өз орнын таппас. Оның үстіне қауіп төндіру қатері де жоқ емес. Құрылыс барысын аралауда біз осал адамды көрмедік.

02 Базар Самаликов

02+

Алматы метрополитенінің қабырғасында талай шәкірт тәрбиеленді. Қаншама азамат өз жолын таба білді. Метро құрылысы саласында ұлттық кадрлардың алғашқы буыны да қалыптасып үлгерді. Осындай ұлттық кадрлардың бірі  Базар Бәйгөбекұлы Самаликов. Метроның отымен кіріп, күлімен шыққан нағыз патриот жан.

03

Алпысты алқымдаса да Базар ағамыз әлі бабында. Жүрісі ширақ, қимылы шапшаң. Кеңсе мен туннельдің арасындағы нағыз еңбек майданында шыңдалған. Темірдей тәртіпті талап етеді. Содан болар, біз жүріп өткен жұмыс орындарында бос жүрген адам жоқ.

04

– Бұйырса, биылғы жылдың аяғына дейін біз кезекті екі бекеттің құрылысын толықтай аяқтап бітіреміз. Қазіргі уақытта қос станцияны әрлеу жұмыстары, электр желілерінің орналасуы, рельстердің төселуі секілді жұмыстар өз мәресіне жетуде. Қос бекеттің де вестибюль құрылысы уақытылы жүргізілуде, – дейді Базар Бәйгөбекұлы.

05 метро Алматы

Алайда қос бекеттің құрылысы биыл аяқталғанымен, оны пайдалану тек келесі жылдың бас кезеңінде жүзеге асырылады. Биыл не себептен «Мәскеу» және «Сайран» бекеттерінің қолданысқа берілмейтінін «Алматыметроқұрылыс» АҚ баспасөз хатшысы Айгүл Ешмағанбетова былай деп түсіндірді.

– Құрылыс жұмыстары 1 желтоқсанда аяқталғанымен қос тараптың өткізу және қабылдап алу үдерісі жаңа бағыттың кешігіп ашылуына әсер етеді. Яғни, ұлттық комиссия бекеттер мен туннельдің халықаралық талаптарға сәйкес болуын тексеріп қабылдайды. Әрі қарай электрпойыздарды жүргізу сынағынан өткізу жұмыстары жүргізіледі. Мұның барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін атқарылатыны түсінікті. Сондықтан бұл белгілі уақытты талап етеді.

06

Кезекті метро құрылысының жалпы қашықтығы 2,7 шақырымды құрайды.

06+

Бекеттерге келсек, екеуі де атриумы бар қос қабатты ғимарат. Алдыңғыларына қарағанда бұл бекеттердің құрылысы ашық әдіспен іске асты. Демек жер бетіне жақын орналасқан. Әр бекеттің ұзындығы 222 метр, яғни бір мезгілде құрамында 5 вагоны бар метро тоқтай алады.

07 Мәскеу бекеті

«Мәскеу» бекетінің дизайны Кремль қабырғаларының фактурасына сай әрленеді. Көбіне-көп қызғылт түстер пайдаланылады. Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің келісімі бойынша өткен жылы Мәскеуде «Алматы» бекеті ашылған болатын. Тиісінше біздің үкімет те өз тарапынан Алматыдағы бір метро бекетіне Ресей астанасының атауын беруді ұйғарды.

08

«Сайран» бекетінің дизаинында ашық түстерге басымдылық көп беріледі. Қажетті құрылыс материалдардың барлығы отандық өндірушілерден сатып алынды.

09 метро Алматы

– Метрополитеннің бірінші тармағы құрылысының екінші кезеңі мұнымен тоқтап қалмайды. Дәл қазыр үңгуші құрылғы «Мәскеу» бекетінен өтіп, келесі бекетке бағытталған үңгу жұмыстарын бастауға дайын тұр. Қаржы мәселесі уақытылы шешілсе, тағы қос бекеттің құрылысын бастау қиынға соқпасы анық – дейді Базар Бәйгөбекұлы.

10

11

12

13 Мәскеу бекеті

14 метро Алматы

Құрылыс алаңынан көріністер.

Асқар БЕКОВ,

Нұрлан ЖҰМАХАН

8 Пікір

  1. Шымқалаға жердің бетімен жүргізсе болатын шығар. Алматы сияқты қауіпті аймақта орналаспаған ғой.

  2. Иә, бұл метро құрылысының көрінісін төбесінен тамашалап отырамыз (жұмысымыз түбінде, 6-шы этажда). Іші не болып жатыр екен, қандай екен деген қызығушылығымыз басым еді. Жігіттер, фоторепортаждарың сол сауалымызға жауап болды.
    Тағы бір сұрақ, аракідік жер сілкінгендей, ғимаратымыз дірілдеп тұрады, ол не болды екен?…;)))

    • Негізі, метро жүріп өткенде, сол тұстағы ғимараттарда аздап діріл сезіледі. Демек, қазыр Мәскеу бекеті тұсында метроны жүргізіп сынақтан өткізіп жатқан болар. Нақты факті емес, біздікі тек болжау )))

Пікір қосу