Алматы – Алаш елінің мәдени ошағы. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Аспанында қазақ өнері жарқырай жанған алып шаһар. Ұлт әдебиетінің қайнар көзі. Алайда, ұлтымыздың асыл құндылықтары шоғырланған, талай тарихты бойында жасырған Алатау бөктеріндегі ару қала Алматыны, оның мәдени өмірін біз қаншалықты білеміз?
Ертеңгі ұрпаққа өнеге болатындай тарих жауһарларын сақтай алдық па?  Біз сіздерді бүгіннен бастап ұлттық жәдігерлерге бай, тарихтан сыр шертер музей үйлері мен өнер ошақтарын таныстыра бастаймыз. Алғашқы бас сұққан ордамыз Мұхтар Әуезов театрының музейі.

01 Ауезов музейі

1968 жылы 24 мамырда М.Әуезов театрының музейі ашылды.  46 жылдық тарихы бар мұражайдың жинақталу, қалыптасу, даму тарихынан көп жұрт бейхабар болуы мүмкін. Небары 500-ге жуық фотолармен өз жұмысын бастаған музейде бүгінде 50000-нан астам экспонат бар.

02 Ауезов музейі

– Өзінің өткенін ардақтай білетін, әрбір істен мән-мағына тудыра алатын халық – музей ашуға пейілді келеді. Музей – ескі жәдігерлердің жиынтығы емес, ол халықтың тарихи танымының шежіресі, түрлі оқиғалар мен кезеңдердің, ұмытуға болмайтын сәттердің куәгері. Мұндағы әр заттың өзіндік тарихы бар. Сол затқа назар сала отырып, біз руханият дүниесіндегі бірнеше параллель оқиғалар мен кезеңдерді, дәуірлік құнды деректерді байқаймыз – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы.

03 Ауезов музейі

Әуезов театрының мұражайы жарты ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің жәдігерлерін толықтырудан бөлек, халықты театрдың өткенімен таныстыратын, аяулы да ардақты актерлердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақтап, көрерменге жеткізетін айрықша беделге ие бола білді.

04 Ауезов музейі

Осы мұражайдың ашылу тарихы туралы айтқанда, белгілі актер, Халық әртісі Қапан Бадыровтың «Естен кетпес есімдер» атты кітабындағы «Тарих қоймасы» атты мақаласындағы мына жолдар ойға оралады:

«Алғашқы ашылған театрды зор қуанышпен қарсы алған қазақ елі сонша көп сыйлықтар тартты. Қалы кілем, түскиіз, қасқыр ішік, түлкі ішік, түлкі тымақ, түйе жүн шекпен, құндыз бөрік, жібек шапан, күміс ер тоқым, сырлы аяқ, күміс ожау, ағаш шара, сары тостағандар, дастарқандар, аша бақан, күміс кісе, жібек белбеу, әртүрлі өрілген қамшы театр құрметіне тартылған-ды. Ал, қыздар киер үкілі тақия, кәмшат бөрік, сәукеле, оқалы шапан, кестелі көйлек, омырауына түрлі теңге таққан камзол, сылдыраған шолпы, білезік, балдақтардың талайы сыйға келгенін білеміз», – деп жаза келе, соның бәрінің қадіріне жете білмегендіктеріне өкініш білдіреді. Себебі, халық сыйға тартқан осыншама мұра-жәдігерлер мұражай болмағандықтан тозып, іске алғысыз дүниеге айналған. Егер 1926 жылдан бергі барлық экспонаттар сақталған болса, көрерменге тарту етер құнды дүние тіптен мол болар еді. Ештен кеш жақсы. Қазірдің өзінде мұражай қоры Қазақстандағы өзге театрлардан көш ілгері, мұндағы заттардың сан алуандығы, тарихи құны аса жоғары бағалы дүниелердің молдығы көңілге медеу.

05 Ауезов музейі

Алғаш мұражай ашылған жылдары Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, шолпан Жандарбекова, Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Әубәкір Рахимов бастаған аға-апаларымыз бар күшін салып, жәдігерлердің жинақталуына, көбеюіне, олардың хронологиялық тәртіппен реттелуіне зор үлес қосқан.

06 Ауезов музейі

06-1 Ауезов музейі

06-2 Ауезов музейі

Егер, кімде-кім театр мұражайын келіп көрсе, 88 жылдық тарихы бар қарашаңырақтың тарихын кезең-кезеңімен таныса  алады. Елімізге белгілі театр мэтрлерінің 30-дан астам майлы бояумен салынған портреттері қаз-қатар тізіліп, ілініп тұр.

07 Ауезов музейі

Актерлердің әр жылдары, әртүрлі қойылымдарда киген кастюмдерін біздің баға жетпес байлығымыз десек те болады.

07-1 Ауезов музейі

«Шохан Уалиханов» спектакліндегі Зейнепті сомдаған С.Майқанованың сахналық киімі. 1976ж.

07-2 Ауезов музейі

«Абай» спектакліндегі Х.Бөкееваның Айгерім рөлінде киген сахналық киімі.

07-3 Ауезов музейі

«Абылай ханның ақырғы күндері» спектакліндегі Т.Жаманқұловтың Абылай хан рөлінде киген сахналық киімі.

08 Ауезов музейі

08-1 Ауезов музейі

08-2 Ауезов музейі

Бұдан бөлек, әртістердің медальдары, марапаттары, алғыс хаттары, қолданған бұйымдары сақтаулы.

09 Ауезов музейі

Әр спектакльден түсірілген фотолардың қоры тіптен мол. Фотолар мұрасына үңілген кезде, сонау театр құрылған жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын, режиссерлер, актерлер, басшылар, техникалық қызметкерлер, басқа да театрға қатысты бейнелерге жолығасыз. Олардың шағын өмірбаяны, әр жылдарда қойылған спектакльдердегі рөлдері, сан салалы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары мен олар жайлы жазылған ақпараттар, мақалалар, зерттеулер, эсселер мен очерктер, сахна және гастрольдегі, түрлі мәдени шаралар тұсындағы суреттері, драматургетердің сахналанған және театрдың көркемдік кеңесіне ұсынған пьесалары, т.б. жинақталған.

09-1 Ауезов музейі

Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» спектаклінің премьерасы. 1966 жыл.

10 Ауезов музейі

Мұражайдағы ең құнды дүниелердің қатарына қойылымдардың афишаларын жатқызуға болады. Мысалы, 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордада қойылған ең алғашқы қойылым Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасының афишасының көшірмесі бар. Осы құнды дерек қазақ театрының тарихын терең зерделеудің тілшігі бола алады.

11 Ауезов музейі

11-2 Ауезов музейі

11-3 Ауезов музейі

11-4 Ауезов музейі

11-5 Ауезов музейі

11-6 Ауезов музейі

11-7 Ауезов музейі

Бұдан кейінгі жылдардағы афишалар арқылы қазақ театрының тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктерін байқаймыз. Бір қарағанда онша ерекшеленбегенімен, әрбір онжылдықтар сайын тақырып аясының кеңіп, түрлі эксперименттерге, алуан тақырыпқа барғанын, ал,  кей кездері белгілі бір тақырып аясынан ұзай қоймағанын анық сезуге болады.

12 Ауезов музейі

Қорымыздағы көзге оттай ыстық басылатын тағы бір құнды дүниелер суретшілердің қойылымдардың тақырыбына, мазмұнына, көтерер идеясына қарай дайындаған киім үлгісінің эскиздері. Оларға қарап отырып, суретшілердің театр әлеміндегі айрықша еңбегіне тәнті болмай тұра алмайсыз.

13 Ауезов музейі

Мұражай жылжымалы көрмелерін де өткізіп келеді. Белгілі маңызды даталар бойынша, республикалық мерейтойлар кезінде өзге облыстарға барып, көрме ұйымдастыру қолға алынған – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театры музейінің қызметкерлері.

14 Ауезов музейі

Театр мұражайы көрерменнің өнер шаңырағындағы уақытын оңтайлы пайдалануы үшін белсене қызмет етіп келеді. Әркүні  қойылым көруге келген көрермендердің кемінде тең жартысы бізге келіп, театрдың тарихымен, бүгінімен танысады.

Асқар БЕКОВ,

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.

Суреттерді түсірген А.БЕКОВ, Н.ЖҰМАХАН

8 Пікір

  1. Әкемтеатрдың тарихы көз алдымыздан жұлдыздай ағып өткендей болды. Рухани қазынамен қауыштырған myprofession.kz сайтына мың алғыс. Осылай рухани әлемнің өткен, кеткен тарихын түгендеп қойғандарыңыз орынды екен. Іске сәт!

    • Театр ғимаратының 3-ші қабатына көтерілсеңіз музейге тап боласыз

  2. Бастама жақсы екен.Енді еліміздің барлық аймағындағы мұражайлармен таныстырып отырсаңыздар дұрыс болар еді.Іске сәт!

  3. Дінше Әділовтің қолтаңбасы. Театрдың алғашқы афишасының өзі үлкен тарих қой ә!

    • Біз білмейтін құнды жәдігерлер музей қорында әлі де көп екен…

  4. Иә, керемет құнды дүниелер бар екен. Алматыға барған кезде барып, көріп шығуға болатын дүние бар екен. Ғаламтор қоры болмаса, бұл мұражай туралы біле бермейтін едік… ғаламторға көп рахмет! Тек мәтін ішінде аздап қателер кетіп қалыпты, соны түзетіп жіберсеңіздер, өте дұрыс болар еді…

Пікір қосу