41 құмалақ тас шыр айналып, үш топқа бөлінді. Жансыз тастар шаң басқан газет үстінде жұп пен тақ сандарға бөлініп, адам тағдырының бағасын беруге дайын тұрғандай. Анау жерде король мен дама өздерін Зевс пен Афродитаның шәкірттеріндей сезініп жатыр.
«Ақша берсең, сөйлейін» деп тұр. Бұл заттар – құмарлық атаулының құлағында ойнаған балгер мен көріпкелдің алдындағы жұмыс құралдары. Ал тылсым иелерінің жымиып қана жоғарыны меңзеп, «байланысым мықты» дегені қиналған жанның іздегеніндей көрінеді. Расында құмалақ құт алып келе ме? Мұны Асқар Беков апта бойы әзірлеген журналистік зерттеуінде ашып көрсетуге бел буды.

01 - Балгер мен Құмалақшы

Алматының көк базарына келушілердің санынан шатасасың. Айнала у-шу. Сауда сақал сипағанша дегендей, әркім өз пайдасына бас қатыруда. Бұл жерде кімдер жоқ дейсіздер? Бизнесте тұралағандар мен бизнестен басы айналып банкрот болғандар да, үнемдеймін деп үйдей бәлеге душар болып тозғандар да, бала-шағаның қамы деп, салықтан қашып жүріп саудалаған саудагер де, өмірден өз жолын тапқандар да, жалпы әлеуметтің барлық тобы осы базарды төңіректейді.

02 - Балгер мен Құмалақшы

Базар болғандықтан келімді-кетімді кісі де көп. Яғни, мың тағдырдың бір арнаға тоғысқан тұсы да осы аймақ.  Демек, тағдырды таразыға салып ақша табуды да көздейтіндер мұндай бизнесті қолдан жіберіп алмасы анық. Тоғыз жолдың торабында тұрып, құрыққа түсірудің қамымен жүрген құмалақшы мен балгерді мына Пушкин көшесінің төменгі тұсынан табасың.

03 - Балгер мен Құмалақшы

Бұлардың санын дөп басып айту қиын. Күнде шығатындар да, анда-санда ақша тауып кететіндері де кезігеді. Басы қосылса, шамамен 20-30 шақты. Бірін-бірі жақсы таниды. Бірақ бір-біріне іштері жылымайды. Ақша жүргендіктен бұл – бизнес, яғни, бәсекелестер.

04 - Балгер мен Құмалақшы

Ақшаны әркім әртүрлі табады. Құмалақ салу – 500 теңге. Артық берсең, өз еркің. Картамен ашу, яғни, «Таро» қымбаттау. 1000 теңге.

05 - Балгер мен Құмалақшы

Алдымен, төңіректегі ең танымал Қалимаш апа жайлы айтайын. Фотоға түскеннен қашпайтын жалғыз балгер де осы кісі. Екі тілге де судай. Сөзге шешен. Алдына барсаң, айналшықтап қаласың. Балгер емес, психолог па деп қаласың. Сондықтан ел оның алдынан тез өтіп кетуге тырысады.

06 - Балгер мен Құмалақшы

Өзі Ресейде туып, сол жақта білім алған қазақ қызы. «Кіші жүздің адуын қызымын» дейді. Арқасы бар, ілулі тұрған шынжырды ұстай қалғанынан байқайсың.

07 - Балгер мен Құмалақшы

Бұл кісі өз қызметін адамына қарап бағалайды. Айтуынша, алдына қарапайым тұрғыннан бастап, бизнесте өзін танытқан азаматқа дейін келеді. Тіпті, ел басқарып отырғандар да бұл кісінің көмегіне жүгінетін көрінеді. Соңғылары, әлбетте, түнде хабарласады, көбіне шақыртып алып алдыңғы өмірін болжатқанды ұнатады екен.

08 - Балгер мен Құмалақшы

Жарнамасы да алдында. Танысын көріп, тоқтатып алып, «мені мақташы» дей бергені сол еді, суреттегі орыс апа балгер Қалимашты бірден көріпкел Вангаға теңеді. Жағамды ұстадым, «кімнің алдында тұрмын өзі?» деп іштей күліп қоямын.

08+ - Балгер мен Құмалақшы

– «Анау кетіп бара жатқан әйелді де тудыртқанмын» деп тағы біреуді көрсетті. Не керек, төңірек толған апамның «клиенттері» екен.  Өткен-кеткен қыз-қырқынның бәріне «бай тауып берем», «тоқалдыққа алдыртамын» дейтіні тағы бар. Елең еткендерді уысынан жібермейді.

09 - Балгер мен Құмалақшы

Базарға жақын отырғандықтан, Қалимаш апаға бәсеке болатын балгер жоқ. Ал Пушкиннен «Саяхатты» бетке алып төмен түссең, балгерлердің «ошағына» тап боласың. Әр талдың түбіне жайғасып алып, аса көрінбеуге тырысады. Бірақ «бармын, балшымын» дегенін алдындағы құмалақ тас пен картасы айтып тұрады. Жақындап барсаң, жылы қарсы алуға тырысады. Алдына жаны қысылған адамның келетінін біледі де.

10 - Балгер мен Құмалақшы

Алғашқысына «мен журналистпін» деп едім, орнынан ытқып тұрды. Мен секілдінің талайын көргенін және сөйлеспейтінін жайып салды. Екіншісіне жолықсам – «мен не десем де сендер бәрібір жамандайсыңдар, одан да басқасынан сұра» деп жол сілтеп жіберді. Фотоаппаратты көргенде тұра қашқандар да болды. Өзімді ыңғайсыз сезініп, «торғайларды балаша қуғандай болмайын» деп ертеңіне қайта келуді ұйғардым.

11 - Балгер мен Құмалақшы

Ертеңіне келіп, әбден қарайлап алған соң, шетте отырған апаға жақындадым. Сөзден қашпады. Репортаж жасап жүргеніме түсіністікпен қарады. Уәде бойынша атын атамаймын деп келістім. Жасы 70-тен асқан ақ жаулықты ана екен, бірнеше немере сүйіп отырғанын айтты. Тек суретте түрін көрсетпеуді өтінді, қалғанын түсіре беруге рұқсат алдым. Осында отырғанына немерелері ыңғайсызданатын көрінеді.

12 - Балгер мен Құмалақшы

– Мен бұл жерде қырып ақша табу үшін отырғаным жоқ. Елдің бергенін аламын. Бүгіндікке үш адамға тегін құмалақ салдым. Мақтанып отыр деп ойлама. Бұл тірлікті көбісі һарам дейді. Мен һарам болатындай ешкімге жамандық жасап отырған жоқпын деп ойлаймын. Бұл – ата-бабамның дәстүрі деп білемін. Біздің шаңырақта маған қонды, атам осылай айтатын. Емшілік қасиетім де бар, – деп апа ағынан жарылып сөйледі.

13 - Балгер мен Құмалақшы

«Кімдер келеді» дегеніме «жаны қысылып қиналғандар, отбасының берекесі қашқандар, малын жоғалтып мұңайғандар» келетінін, дуа қайтаратын да қасиеті бар екенін айтып жатыр. Бастысы, бұл тірліктеріне жастар жағы көп сенбейтіні бізді қуантты.

14 - Балгер мен Құмалақшы

– Менің лицензиям бар, – деп біреу шықты. О заманда бұ заман, құмалақшыға лицензия беретін департаментті естімеппін. Көрсетуін сұрап едім, үйінен көруге болатынын айтты.

15 - Балгер мен Құмалақшы

Балгерлердің арасында картаға жақыны көбінесе өзге ұлт өкілдері болып көрінді. Ал құмалақ ашатындардың дені – қазақтар. Арасынан сынықшыларды да байқадық. Осы жерден келістіріп, емдеуге алып кететіндер бар екен.

16 - Балгер мен Құмалақшы

Жалпы, Ислам дінінде балгерлікпен айналысу – үлкен күнә, Аллаға серік қосқанмен парапар. Осы мәселенің діни тұрғыда қалай екенін білу мақсатында Алматының орталық мешітіне барып, сауат ашу курсының ұстазы Әнуарбеков Әсеттен сұрап білдік.

17 - Балгер мен Құмалақшы

– Бал ашу, көріпкелдікпен айналысу – Ислам дінінде тыйым салынған амалдардың бірі. Өйткені, Алла Тағала Құран кәрімнің біраз жерінде ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді деп айтқан. Сондықтан ғайыпқа қарай ұмтылуға адам баласына тыйым салынған. Ғайыпты адамдар, періштелер және жындар тек қана өздеріне үйретілген мөлшерде ғана білуі шарт. Мысалы, адам өзінің білімі арқылы екіні екіге қосса, төрт болатынын біледі. Яғни, бұл ғайып нәрсе, көзге көрінбейді. Бұлт жиналған кезде жаңбыр жауатынын біледі. Әлі болмаған құбылысты Алла Тағаланың үйреткен біліміне сүйене отырып біледі. Сол сияқты, періштелер де, Бақара сүресінде айтылғандай, «біз тек қана Алла Тағаланың үйреткенін білеміз, одан артығын білмейміз» дейді. Жындар да Алла Тағаланың үйреткенін біледі. Бірақ олар – жаратылыстардың ішіндегі Алла Тағалаға ең көп қарсы шығатын жаратылыс иелері. Олар аспанның бір шегіне дейін барып, Алланың хабарларын ұрлайтындығы – Құранда, Жын сүресінде айтылған. Алла Тағаланың періштелерге түсірген хабарын жындар ұрлап, жерге қайтып келіп, адамзат арасына іріткі салу үшін, бұзықтық жасау үшін пайдаланатын болған. Көріпкелдер мен бақсылар осы жындармен байланыс жасайды. Олар жындардың ұрлап келген, яғни, адамзаттың білуге болмайтын хабарларын, сол ақпараттарға өтірік араластырып, құлпыртып, байытып, адамдарға айтып береді. Адамдар сондықтан жындарды дәріптеп, оларды Тәңір дәрежесіне дейін көтеріп, табынып отырған кездері де болған. Бұл Құранда айтылған. Сол үшін, олардың айтқаны тура болсын, болмасын, оларға сенуге, баруға болмайды. Бұл тұрғыда адам баласы өзінің болашағын білу жақсы нарсе емес. Егер ол өзінің өлетін уақытын білсе, қияметтің қашан болатынын білсе, адам баласының өзі үшін де зиян. Ол бақытты бола алмайды, күліп жүре алмайды, өмірге деген құштарлығы өшеді. Сондықтан адам баласының өзінің пайдасы үшін Алла Тағала осыған тыйым салған.

18 - Балгер мен Құмалақшы

«Неге Алланың жолына түсіп, жынның қатерінен сақтану туралы насихат көк базарды маңайлаған балгер мен көріпкелдің арасына үгіт ретінде айтылмайды?» дегенімізге Әсет қажы былай деді:

19 - Балгер мен Құмалақшы

– Қазақстан Республикасының дін еркіндігі туралы заңы бойынша, имамдар мешіттің сыртында уағыз жұмыстарын жүргізе алмайды. Иегова куәгерлері мен кришнаиттерге қалай тыйым салынса, бізге де көшеде жүріп уағыз айтуға дәл солай тыйым салынған. Біз тек мешіт аумағына енген адамға ғана уағыз айта аламыз. Ал балгерлер, білесіздер, мешітке көп келе бермейді. Сондықтан біз микрофон қойып, оның даусын қаттырақ шығарып уағыз айтуды қолға алып жатырмыз. Арысы – «Саяхат», берісі базардың төңірегіне дейін естілсін деп.

20 - Балгер мен Құмалақшы

Қайткен күнде де бал аштырып ешкім береке таппасы анық. Әйтпесе, екінің бірі осы тірлікке жүгінер еді. Тек санаулы жанның қара тылсымның шырмауына түсетіні жүректі ауыртады. Бәлкім, өзімізден рухани демеу болмағандықтан болар – жаны қиналғандар өз өмірінің қиын тұсын құмалақ пен картаға сеніп тапсыратыны.

Асқар БЕКОВ.

Суреттерді түсірген автор.

16 Пікір

  1. Біздің қалада да бұлардың ошағы бар. Өздері көбісі сырттан келгендер. Сығандармен конкурент.

  2. Асеке, көптен бері тұщынып қараған дүнием осы болды. Өзіміз күнде көріп жүрген жайт, бірақ сен содан кәдімгі жақсы, шынайы дүние тудырыпсың. Суреттерің сөйлеп тұр. Респект!!!

    • Мәриям, Рахмет! Әр репортаж сайын, осылай, жағымды пікірлеріңді ести берейік )))

    • Аскар молодец, очень хорошая статья)))) очень рада за тебя. Респект и успехов тебе в новых начинаниях!!!

  3. Соңғы суреттегі жігіт балгер емес-ау деймін. Мен ол жігітті ылғи диск сатып тұрған жерінен көремін ғой. Оның үстіне, бір-екі рет Орталық мешітте намаз оқып жүргенін де байқағанмын.

    • Songi surettegi zhigit balger emes, ol ras. Ol suretti sol tonirektegi korinisti berip turgan son saldyk.

  4. Шынжырдан ұстап шіреніп тұған апайдың суретінде мистика бар екен. Балгер апай киноға суранып тұрған типаж екен.

  5. Баксы, балгер, корипкел, кумалакшы дегендердин кейбири оздеринин Исламга кайшы арекет жасап жургендерин билмейди… Сондыктан «харам болатындай ешкимге жамандык жасап журген жокпын гой» деп акталады. Бирак бирзге Алла бул испен айналысуга, баксы, балгер, емши, корипкелге баруга тиым салды ма, битти! Оны ешкимнин талкыга салып немесе бир сылтау айтып акталудын кажети жок! Бул адамдар жын-шайтаннын комегимен гайыптагыны айтып, болашакты болжап жургендерин оздери де билмейди. «Касиетим бар» деп ойлайды.

  6. Құмалағым «сөйлейді», картам «бүй дейді»,
    Көріпкелдер көрдім деп, қалтаға құй дейді.
    «Келмеді» деп айтқаның, клинеттер «ұр» дейді,
    «Сенбеңдер деп» айттым деп, имамдар тұр дейді…

  7. …Арқасы бар, ілулі тұрған шынжырды ұстай қалғанынан байқайсың.))) Беу, Асеке, «арқасы» жоқ болса шынжырды ұстай алмас еді ғой…Бәрімізде арқа бар, Асхат айтпақшы, арқасы жоқтардың басы артына жабысып тұрады ғой…

  8. Бул күлетин емес, жылайтын жайт қаншама адамдарды адастырып өзі де …,АЛЛА сақтасын журектеріне кушти иман беріп,Алла тура жолга салуын тілейік ар қазақ менин жалғызым демекші!!!!!!!!!!!!!!!!!!

  9. Кенженің айтқанына қосылам. Əр нəрсенің дұрыс немесе дұрыс еместігін Алла біледі.

  10. Кудай кеширсин, кина екенин билип турып барамыз. Жараткан ием кеширсин. Иманымыздын алсиздиги дини билимимиздин томендиги. Алладан кеширим сураймын. Тузу иман жолына салсын, бар кулдарын.

Пікір қосу