Түн ұзақ. Алыстан вокзалдың жарығын әрең байқайсың. Иттен басқа досы жоқ кемпір қайта-қайта «Верный» деп келеді. Жол бойындағы сұлулардың сықылықтап «собака друг человека» дегеніне кемпір «будь проклят» деп қарғыспен демде қайтарды. Оның Верный дегені ит емес, сағыныш еді.
Мүлдем басқа өмірді. Кешегі келмеске кеткен өмірін. «Сейфуллин» көшесінің түнде ұйқыға кететін шағын…

01

Расында, Сейфуллин даңғылының тыныштық таппағанына қанша жыл болды өзі? Күндізгі тынымсыздығы түсінікті-ақ, ал түндегісін қайда тығамыз? Ақ-қара өмірдің нағыз қараңғы тұсында уақыт тоқтап қалған секілді. Түнгі көбелектің шыр айналғанына куә мына қоғам күндізгі жұмыссыздықтың да тігісін тарқата алар емес. Жалған статистика, жағымпаздықпен көркемделген ақпарат, адам тағдырына немқұрайлылық – міне, көшенің негізгі қасіреті.

02

Осы орайда біз дербес журналистік зерттеу жүргізіп, аталмыш мәселенің ара-жігін ажыратып, Сейфуллин даңғылының шырмауына түскен талай тағдырдың бет-бейнесін көрсетуді, қолында билігі барларға мәселені жақынырақ таныстыруды жөн санап, әріптесім Нұрлан Жұмахан екеуміз екі күн қатарынан жорыққа шықтық.

03

Алматының қос бірдей түйткілді мәселесі осы көшенің еншісінде екенін кез келген тұрғын біледі. Бірі – жұмыссыз ер-азаматтар, екіншісі – қызық қуам деп құрықталған жезөкшелер! Бұл – бүгінгі қоғамның жарасы, қайсысын түртсең де қанай бастайды.

04

Алдымен тепсе темір үзетін атпал азаматтарымызға тоқталсақ. Даңғылдың ана басы мен мына басына дейінгі 11 шақырымның қай тұсына барсаң да, топ-топ болып тұрғандарды байқайсың. Тек әл-Фараби даңғылының қиылысынан байқамайсың, бәлкім, әкім-қаралардың көшесі болғандықтан болар.

05

Санасаң, санынан шатасасың. «Қаншаусыңдар?» дегеніңе «көппіз» деген бір жауап. Сөзге ешқайсысы жоқ. Журналистпін деп сөзге тартсаң, «өй, аналар жақсы сөйлейді» деп бір-біріне сілтейді.

06

Жас ерекшеліктері де әртүрлі. Дені 25 пен 40-тың арасы. Үлкендерінің сұлбасына қарасаң, жұмыстың тауқыметі өтіп, жарқын өмірден үміт үзгендей. Жанарларынан жан бағуды байқайсың. Ал жастар шымыр. Табандарынан сыз өтіп үлгермеген. Жастықтың буымен адасып жүргендей. Әлі де оқып-біліп, өз арнасын табуға қауқарлы. Тек нұсқаушы болса дейсің.

07

Уақытша қожайындарын таңғы 7-ден бастап, қас қарайғанға дейін тосып отыра береді. Табыстың түрі де әртүрлі. Жомарттары да, сараңдары да кездеседі. Дым таппай үйге қайтқаннан гөрі, кешке қарай 2000-ға да келісе салады. Негізі – 1 күні 5000 төңірегінде. Әрі жұмысына да байланысты.

08

– Әлбетте, кезігетін жұмыстың бәрі қиын. Оңай болса, бізді жалдап несі бар. Сондықтан ауыр тірлікке іштей өзімізді дайындап шығамыз, – дейді Тұрсынбек аға. – Біздің қалалық жерде жұмысқа тұра алмауымыздың басты себебі – тұрғылықты мекен-жайды талап етуінде. Облысқа тіркелгенің жарамайды дейді де, шығарып салады. Өзім тракторшымын. Ауылда жұмыс бар болса, нем бар мына жерде? Бәрі жекеге өтті де кетті. Айтпақшы, менің  суретімді жарияламашы, өтініш. Мына жерден тауып алып, «неге жамандайсың?» дер.

09

– Үкіметке салық төлемегендіктен, бізді кім жақтырсын? Қуады да жатады. Рейд деп бір тиіседі. Олардікі де дұрыс, жоғарыдан келген тапсырманы орындау керек. Бірақ біз де жан бағуымыз керек. Тапқан-таянғанымнан салық төлесем, өзіме не қалады? Ауылдан жұмыс тауып берсін, бәрін төлеуге әзірмін, – дейді Сабыр есімді тағы бір ағамыз.

10

Жалпы жұмыс сұраушылардың дені – ауылдан келген қазақтар. Дұрыс жұмысқа тұра алмауының тағы бір себебін орыс тілін білмегендігімен байланыстырады. Ауылдағы жалғыз орысының өзі қазақша сөйлеп кеткен өңірдің тұрғындары өзге тілді шынымен қайдан білсін?

11

– Қыс мезгілі қытымыр, жұмыстың нағыз өлара шағы. Біразы уақытша күзет қызметіне, небәрі 33 мың теңге айлыққа жұмысқа тұрып алады. Ал көктем шыға көшеге қайтадан жиналады. Бұл жылдағы әдет, – дейді 10 жыл бойы көше жағалаған Тұрсынбек аға. – Ал қыздар болса, жыл он екі ай осында. Күндіз-түні. Қақаған қыс пен Алматының аптабы оларға тосқауыл емес. Айтпақшы, бір көшеде тұрады деген атымыз болмаса, біз бір-бірімізге бәсекелес емеспіз, – деп кетер кезде ағам қойып қалды.

12

Ерлерге қарағанда қыздарда статистика сөйлейді. Алматының нарығында түнгі көбелектердің саны шамамен 5000-ның ар жақ-бер жағы. Қай жағы болса да түңілетін факті. Бес мыңың бірден көшеде тұрса, Алматыдан безіп кетерсің, сондықтан басым көпшілігі сайт не газеттердегі жарнама арқылы өз қызметтерін ұсынады.

13

Қызметтерін ұсынатын қыздардың бір топ бөлігі қонақ үйлер мен жалдамалы пәтерлерде жұмыс істейді. Мұндай ордалардың басым дерлігі осы көшенің маңайына топтасқан. Жарнама болмасын деп «бордельдерді» суретке әдейі түсірмедік. Ал қыздар мен «жеңгетайлардың» түрін анық байқау үшін Нұрлан көліктің терезесін жақсылап сүртті.

14

Көше жағалайтындары міндетті түрде өз таксистерімен бірге тұрады. Себебі, кезекші патруль жақындағанда зып беріп қашқанға ыңғайлы.

15

Ұсталып қалған күннің өзінде ішкі істер қызметкері оларды 3 сағаттан артық ұстамайтынын біледі. Бастысы, тұрғылықты мекен-жайын қателеспей айтса болғаны. Ал жезөкшелікпен айналыссаң, «біттің», «сотталасың» деген заң жоқ.

16

Баға нарығына балама болмағандықтан, қыздар өздерін әртүрлі бағалайды. Бастысы, сайттағы «сайтандардан» арзан болса болды. Өлшем бірлігі – сағат. Яғни, сағатың орта есеппен 3000-5000 арасы.

17

Бұл көшеден Элеонора мен Диананы, Айка мен Зайканы, тіпті Клеопатраны да кезіктіресің. Қыздардың есімдерінен есің танады. Бұл ерекше есімдер – әр сұлуға таңылған бренд. Елдің жадында сақталғанға ыңғайлы болғандықтан қойылған бүркеншік ат.

18

– Мен Өскеменнен келдім. Бойымда 5 ұлттың қаны бар. Сондықтан менің қай ұлт екенімді ешкім дөп басып айта алмайды. Олардың білмегені маған да жақсы. Есімім Теора. Ұнай ма? – деп сызылған қызға мен қайдан жоқ дейін? Мақтап, мадақтап сөзге тартып жатырмын. Фотоға түсуге құлықсыз екенін, бірақ төлесең бәріне дайын тұратынын жайып салды. Тек түрін көрсетпесек болғаны.

19

Тексерісі көп күндерде қыздар көшедегі көліктің алдын торуылдап жүрмейді. Олар үшін бұл қызметті «жеңгетайлар» атқарады. Көбісінің түрлері сүреңсіз, жасы келіңкіреген «апалар». Патруль жақындай қалса, «сдаю квартиру» деген мыжылған қағазын ұстай қалады. Судан таза, сүттен ақ «жеңгетайлардың» қулығы өте көп.

20

Сондай бір «жеңгетайларды» сөзге тартып, қыздарды суретке түсіруге көндірдік. Әрине, ақшаға. Олар үшін қағаздың құны қыздың арынан жоғары. Ал қыздар шулап қоя берді. «Түсірсең, фотоаппаратыңды сындырамын» дегендері шынайы естілді. «Қой, әке-шешесінің алдында масқара болмасын» деп фотоаппаратты сөмкеге қайта тықтық.

21

Жезөкшелік ежелден келе жатқан кәсіп болғанымен, ежелгі қазақ қоғамында жезөкшелік құбылысы болған емес. Тіпті Кеңес үкіметі тарқағанға дейін бұл тірліктің ауылы мүлде алыста еді. Ал етегімізді жиып, егемендікке қол жеткізген тұстан бастап бұл құбылыс аяққа жармасып алды. Біз жезөкшесіз Кеңес қоғамын сағынбаймыз, тек сол уақыттағы тәртіп пен ибалылық және бабамыздан қалған имандылық бойымыздан табылса екен дейміз.

22

Негізі, сұраныс тумаған жерде өнім тоқтатылады. Сол себепті, бұл салаға қоғам болып санкция жарияласақ, аяулы қарындастар амалсыз еңбек даңғылының шынайы жолына түсер.

 Асқар БЕКОВ.

Суреттерді түсірген автор және Нұрлан ЖҰМАХАН.

19 Пікір

  1. Жақсы репортаж екен, жігіттер! Суреттер-ақ сөйлеп тұр. Еңбектен түсіңдер достар.

  2. Қыздар мәселесіне келсек бұл үйдегі тәрбиеден басталады. «Қызға қырық үйден тыйым» -деп қазақ бекер айтпаған ғой, сонда жүген қазақ қыздарын көргенде жаным ашиды, жиіркенемін болашағымыздың аналары осындай болса келешек ұрпақ қандай болмақ, құдай жазаларын берсін!

  3. олар ол даңғылдан шықпайды, Асеке. әбден еттері өліп кеткен… жеңіл жүріспен табылатын, жеңіл ақшаға үйреніп алған… тіпті, әдет болуы да мүмкін олар үшін. сосын бұған мемлекетті кіналаудың қажеті шамалы… ұяты өлген қыздарды мемқызметке кіргізіп қойсаң да сол кәсібін тастамауы мүмкін… тағы бір мәселе, еркектердің де арсыздығы ғой… жиіркенбейді… ұялмайды. аямайды… Бұл мәселе бізде ғана емес, барлық елде бар қасірет…

  4. Kazagymnyn kara koz kyzdarynyn munda korgende denen turwigip ketedi, akwaga barin isteuge daiyn kyzdardyn kopwiligi kazak kyzdary. Bir kumalak bir karyn maidy wiritedi ultymyzdyn namysyn jerge taptap jenil akwamen omir surip jurgoi. Barlygy jumyska jaramdy kyzdar oz enbegimen akwa tabugada boladygoi. Uide otkan ata-analaryna janym awidy kyzym osyndai jolga tussin dep togyz ai koterip tort uikysyn tort bolip alpewtep osirgen jok wygar……

  5. Бауыржан Халиолла ағамыздың бір өлеңі бар еді Алматы тыр жалаңаш деген аянышты Арман қала Алматыны қимайсың

  6. Репортажың керемет екен! Оқығанда өзім сол жақтың тынысын сезінгендей болдым.
    Кейде ойлаймын, олардың істеп отырған тірліктері қалай өзі? Қанша дегенмен осы тірліктің арқасында ішетін шәйін, жейтін нанын тауып отыр ғой! Бірақ мұның дұрыс емес жағы да бар. Мұндай әсемдей арман қаланың сәнін, шырқын бұзғалы жатыр! Кейін мұның бәрі жойылатын шығар деген зор сеніммен үміттеніп отырмын.

  7. Кезінде мен де Сайын көшесінің бойынан репортаждар жасағанмын. Сол кезде жезөкшелік адамның болмысында болатын қасиет пе деп ойлағам. «Ақша жоқ, жұмыс жоқ болған соң осы жүріске түсуге мәжбүр болып жүрмін» деп жылаған біреуін үйіме уақытша қызметші етіп алғым келген. Сонда: «Малайың болам ба?» деп маңайлатпаған, Ал бірақ, өздері 2-3 мыңға біреудің астына жатқанға арланбайды… Сондықтан жезөкшелік жоқтықтан да емес.
    90-шы жылдары аш, жұмыссыз, стипендиясыз студент болып жүрдік, сонда Сайын мен Сейфулиинге бару бір адамның миына кірген емес…

  8. иа окінішті осы қыздардың жарым бөлігі қазақ қыздары…. Қайран қазағымның қара көз қыздары

  9. Тас түскен жеріне ауыр!Әрине уйде отырып, біреуге ақыл айту несесе мінеп сынау ең оңай нәрсе.Ал салмақ салып ойланар болсақ осы жағдайдың түбінде қоғам мен мемлекеттің кінасы жатқан жоқ ба?Осынша кең байтақ жерде отырып жерге тапшы болып осынша бай жерасты байлыққа ие болып кедей болып отырган жоқпыз ба?Қарындастарымыз бен әйелдерімізді жезөкше қылып отырған басыт себеп елдің эканомикалық жағдайы емес бе?Тілімізден айрылдық, дінімізден айрылдық, салт дәстүрімізден де айрылдық енді ар ожданымыздан айрылсақ мына жерге ие болып қалатын қазақ қалмайды!Өздігінен жауга жем болады!Есіңді жый қазағым!Еліңе, отаныңа, халқыңа ие бол!Менмін деген азаматтардың соңынан ер!Елдің тізгінін қолыңа ұста!

Пікір қосу