Келешектің кілті білімді ұрпақта. Елді өрге домалатар жастардың сауатты болуы қай елдің болмасын негізгі ұстанымы. Сонау XIХ ғасырдың өзінде хакім Абай «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегені қазақтың қашанда баласын ілім-білімге итермелегенінің көрінісі. Бүгінгі қазақ елі де ұрпағының көзі ашық болуына, қарыштап дамыған мына заманда бәсекеге төтеп бере алатын жастардың сауатты өсуіне көп ықпал етуде. Елі қолдап, оқу ордасы қоштаған жастарымыздың бірі Роза Әрен топтастарымен бірге Еуропа кіндігіндегі Польша мемлекетіне барып, білімін шыңдап қайтты. Ойға түйгенін ортаға салып біздің сайтқа өзі түсіріп әзірлеген фоторепортажын Сіздердің назарларыңызға ұсынбақпыз!

1-сурет

ҚазҰУ-лық жеті магистрант Польшаның солтүстігінде орналасқан Торунь қаласының Н.Коперник атындағы университетінде тәжірибе алмасу мақсатында ақпан айында жолға шыққан болатынбыз. 15-ақпан күні Варшаваға жеткен біздерді Арыстанбек есімді қазақ студенті қарсы алып, түнгі қаланы аралатты. Еуропа архитектурасының бар кереметін бойына сіңірген алып шаһармен бір түнде танысу мүмкін емес. Сондықтан ел астанасының бас кеңсесі – Польша мемлекеті президентінің резиденциясы төңірегінен бастап, қала тұрғындарының көп шоғырланған орталығына баруды жөн санадық.

2-сурет

2010 жылы Польша президенті Лех Качинский бастаған 97 лауазымды тұлға ұшақ апатынан қаза тауып, поляктар бір-ақ күнде ел басқарып отырған атпал азаматтарынан айрылып қалғанынан хабардар едік. Бұл жағдай Польша халқына ауыр тигені айтпаса да түсінікті ғой. Жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін Лех Качинскийді және оның әріптестерін ай сайын шырақ жағып, еске алатындарын айтты.

3-сурет

Орталық көшелердің бірінде мына жігіттің жанындағы тақтайшада «Мен 30 жыл салынып іштім. Күнәларымды жуып-шайып тұрмын» деп жазылған. Өзі осы күйінше сағаттап тапжылмай тұрады екен.

4 сурет

Варшавада бір күн болған соң, Заходня бекетінен Торунь қаласына қарай пойызға отырдық. Ең қызығы, жолсерік біздің билетімізді Торуннан түсерде бір-ақ тексерді. Адамға деген құрмет пен сенімнің эталоны…

5-сурет

Қонақүйде тек таңғы ас берілетіндігін білгендіктен, оның үстіне жат елдің баға нарығынан бейхабар біздер алдын-ала қамданып, қажетті деп тапқан азық-түлігімізді қоса алып жүрдік. «Қазақстан» шоколадтарын да барынша көптеп алып жергілікті студенттерге базарлық ретінде ұсындық.

6-сурет

Сабақтың алғашқы күні Николай Коперник атындағы университетінің халықаралық қатынастар және саясаттану факультетінің деканы Роман Беккер мырзамен таныстық. Н.Коперник атындағы университет – Торунь қаласындағы ең беделді оқу орны. Онда 40 мың студент білім алады.

7-сурет

Жалпы Торунь кәрі құрлықтағы көне қалалардың бірі. Тіпті ЮНЕСКОның тізіміне енген шаһар. Әйгілі астроном Николай Коперниктің отаны. Қала мен оның тұрғындарының басты байлығы Висла өзені, ерке Есілге ерекше ұқсас.

8-сурет

Бұл – Торунь қаласындағы Бай Поморски театры. Бірнеше тартпасы бар шкаф бейнесіндегі театр қараған жанның назарына бірден ілігеді. Онда балаларға арналған қуыршақ қойылымдары қойылады. Театр тұрақты түрде «Кездесу» атты халықаралық қуыршақ театры фестивалін өткізетіндігімен танымал.

9-сурет

Есте жоқ ескі замандарда Торунь қаласын топан су басыпты. Сол кезде шаһарда құрбақалар көбейіп кетіп, ешқайда кетпей, тұрғындарды мезі еткен екен. Амалы таусылған патша құрбақаларды қаладан қуып шыққан жанға өзінің сұлу қызын берем деп жар салыпты. Алайда, бақ сынағандардың ешбірі құрбақалардан құтылудың жолын таба алмаған. Сонда жұпыны киінген әлдебір жас жігіт скрипкасын сызылта ойнағанда, барлық құрбақа соның әуеніне елітіп, ізінен еріпті. Осылайша, қала бақалардан арылып, ал жарлы жігіт патшаның қызын жар етіп алған екен. Мына ескерткіш сол скрипкашының құрметіне қойылған.

10-сурет

19-ақпан – Жердің Күнді айналатындығын дәлелдеген астроном Николай Коперниктің туған күні. Осы күні ғалым ескерткішінің алдында мерекелік шара өтті. Ескерткіш бетіне латын тілінде «Николай Коперник Күнді тоқтатып, Жерді жылжытты» деп жазылған.

11-сурет

Николай Коперниктің мұражай-үйінде.

12-сурет

Прәндік мұражайында.

Поляк тарихшысы Ян Длугош Краков қаласының қыздарын, Гданьск қаласының башмақтарын және Торунь қаласының прәндіктерін «Польшаның 3 кереметі» деп бөле-жара атапты. Алдыңғы екі дүниенің ең үздік еместігін айтып дауласуға болады, бірақ, прәндіктердің кереметтігіне ешбір поляк күмән келтірмейді. XIV бастап Торунь қаласында пісіріле бастаған прәндіктер уақыт өте келе қаланың символына айналған.

P

Уақыт ағымын тоқтату мүмкін бе, оқуға арнаған 11 күніміз демде межесіне жетті. Аз күн ішінде достасып үлгерген поляк достарымыз Михал мен Агата да біздің қайтатынымызға сенер емес. Қайта салуға біз де көнер емеспіз. Сый қылсаң, сыпыра қыл демекші, Еуропаның қақпасына енген біз неге көрші Аустрия, Чехия және Германияны да көрмеске деп ешқандай туристік фирманың көмегінсіз, өз бетімізше шағын еуротурымызды Вена қаласынан бастадық.

15-сурет

Кедендік жүйесі ортақ елдердің визасы да ортақ болғандықтан мұндай елдерге сапарлату тиімді. Еуроодақтың туристерге жасаған осындай жақсылығын Вена төріндегі Моцарт ескерткіші де құптап тұрғандай.

16-сурет

Хофбург сарайы бір кезде аустриялық Габсбургтердің (Еуропаның орта ғасырлардағы ықпалды әулеттерінің бірі) қысқы резиденциясы болған.

17-сурет

Хофбург сарайында ілулі тұрған тулар арасынан Қазақстан туын көріп, мәз болдық.

18-сурет

Венадағы Парламент үйі. Парламент үйін салған сәулетші Теофил Хансен (көп жылдар Грекияда өмір сүрген) ғимаратқа Аполлон, Афина, Зевс, Посейдон, Деметра секілді антикалық құдайлардың мүсіндерін орнатқан. Ғимарат ішін аралау құны 10 еуро тұрады.

20 сурет Хофбург

Хофбург театры 1741 жылы ашылған.

21-сурет

Әйгілі Вена опера театрының сахнасы әлемдегі ең үлкен сахналардың бірі болып саналады. Театр ішін аралағанда жұмысшылардың кезекті қойылым алдындағы қарбалас сәтіне куә болдық.

Вена сұлулығын жаныңмен түсінуің үшін уақыт қажет. Студентте ол қайдан болсын? Сондықтан біздің жолай соққан сапарымыз алдағы жылдарда қайта жалғасын табу қажет деп біз енді кезекті шаһар – Праганы бетке алдық.

22-сурет

Біздің Прагадағы (Чехия) саяхатымыз «Азаттық» радиосының бас кеңсесіне бас сұғып, сондағы қазақ журналистерімен танысудан басталды. Радио әлемнің 21 елінде 28 тілде хабар таратады. Нағыз халықаралық құрылым.

23-сурет

Прагадағы орта ғасырларда салынған Карл көпірі қаланың «Малая страна» және «Старе место» деп аталатын тарихи аудандарының арасын жалғап тұр.

24-сурет

Жазушы Франц Кафканың мұражайы осы көшеде орналасқан.

25-сурет

«Алып адам» көше аралап жүр.

26-сурет

«Пражский градтағы» әулие Вит шіркеуі. Чехия астанасының тарихи орындарын аралап, бір күн түнеп келесі күнімізді алмандардың қаласы Дрезденде жалғастырдық.

30-сурет

Қатарынан 4 ел аралағанның әсері ғажап! Алайда, аз мерзім ішінде теңгені еуро мен долларға, еуроны кронға, злотыйға ауыстырғанда есептеулерден басымыз қатқанын мойындаймын. Ал бұл – Дрезден қаласындағы ең көрікті орынның бірі, әлемнің 100 кереметінің қатарына енетін Цвингер сарайы

32-сурет

Эльба өзенінің сол жақ жағалауында қаланың орталығы – Альтштадт тарихи ауданы орналасқан.

33-сурет

Дрездендегі «Князьдер шеруі» панносында ежелгі Саксонияны билеген Веттиндер әулетінің мыңжылдық тарихы бедерленген.

34-сурет

Қалаға келген сәтте мұнда метро жоқ екендігін естіп, Дрезденді өзімше менсінбей қалып едім. Бұл ойымның бекер екендігін қаланың ана басы мен мына басын жалғап жатқан екі қабатты жүрдек пойызға отырғанда сездім.

35-сурет

Орталық Еуропаға жасаған сапарымнан өзім көп дүниені ұғындым. Бастысы, туған елдің тынысын, туған жердің топырағы мен елге деген сағынышты ешқандай жат ел толтыра алмас. Рас, 4 елдің де сұлулығы, экономикалық қарқыны, тіпті адамға деген құрметі мен мәдениеті өте жоғары. Үйренеріміз көп, үйретер күн де келер. Бастысы, елге деген сенім мен еңбекке деген сүйіспеншілігіміз арта берсін.

Роза ӘРЕН.

Суреттер автордікі және Википедиадан алынды.

21 Пікір

  1. Қазақтың осындай білімді жастары арқылы өзгелермен тереземіз теңеліп жатқаны қандай керемет! Жазар көбейсін, Роза Әрен!!!

  2. Оқуға барып,қосымша мынандай жұмыстар жасап,елге ұсыну екінің бірінін қолынан келе беретін іс емес.Шығармашылық табыс тілеймін!

Пікір қосу