…Бұл өлкеден жүкке лық толы көліктер шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйіткіп жатады, жүйіткіп жатады. Қысты күні қырауда да, жаздың аптап ыстығында да көлік қозғалысы тиылған емес.
Тіпті тарих парақтарына үңілсек те Жетісудың оңтүстік-шығыс қақпасы Ұлы Жібек жолының бойына қан жүгірткізіп, «өмір жолының» өміршеңдігін сақтауға үлесін қосқан.

SONY DSC

Бұл жазиралы мекен – Жаркент. Көркіне көз тастаған жан сұлу табиғаттың шырмауына байланып, шырынына қанығар. Талай дүлдүл осы топырақта дүниеге келіп, талай батыр найзаның ұшымен, білектің күшімен бабадан қалған мол мұраны сақтап бүгінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізді. Сондай асыл мұраларымыздың бірі Жаркент жеріндегі Әулиеағашты атасақ болады. Ел құлағы елу дегендей, іргесіндегі Алматы тұрмақ алыстағы ағайын да бұл ағаш жайлы оқып та, талай аңызды естіп те жүр. Ал біз естіп-білгеніміздің қаншалықты ақиқат екенін өз көзімізбен көріп таспаға түсіріп қайттық.

SONY DSC

Жаркентке жетер екі жол бар. Бірі Сарыөзектен шығысты бетке алып, Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағының саф ауасымен тыныстап, ал екіншісі Көкпекті асуы арқылы жол бойындағы Шарын шатқалын тамашалап жетуге болады. Табиғатты таразыға салған әбестік, сондықтан Шонжы бағытындағы тас жолдың сапасы мен Байсейіттің базары Шарын арқылы жетуді жөн санатты.

SONY DSC

SONY DSC

Жол бойындағы ең ірі елді мекен Шелекке қарағанда Байсейіттің жолаушыға ұсынар артықшылығы көп. Тіпті самса мен лағманның отаны десек те болады. Жеміс-жидегін саудалаған жергілікті тұрғындар шетелдік иномаркіден гөрі кеңестен қалған Москвичті құп санайды. Жүкті қанша тиесең де мыңқ етпейтін, сынса сваркілей салатын нағыз ауылдық тұлпар.

SONY DSC

Шарынды суреттеуді репортажда міндет деп таппадық. Сұлулықты бір суретпен былғауға болмас. Арнайы ат басын бұрар бөлек әңгіме. Тек Шарын өзеніндегі мына ескі көпірдің етегінде қой баққан балақай назарымызды аударды.

SONY DSC

SONY DSC

Қазақ балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен ары онымен досыңдай ақылдас деуші еді. Мына бүлдіршін он үште отау иесі болуға лайық, нағыз еңбекқор бала екен. Қайта бұның жанында есімін есте сақтамаған біз әпенді екенбіз.

SONY DSC

Жаркентке жетпей Көктал ауылынан солға бұрылып Әулиеағашты бетке алсаң ең алдымен Керішті байқайсың. Бұл Шарынның соңғы сілемі. Жол бастаушы Нұрлан Жұмахан Керіштің басында қыста да қар жатпайтынын, топырағының құрамында мол минералдың барын баяндап келеді.

SONY DSC

Сәл төменіректе Қу өзені ағып жатыр. Көктемде ағысы қарқын ала бастайды. Ауыл тұрғындары малын таппай қалса ағыстан көріп жатушы еді – деп Нұрлан балалық шағын есіне түсіріп қояды.

SONY DSC

Алматыдан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Әулиеағаш ауылына кеш батпай жетіп, Нұрланның шаңырағына түнеп, ертесімен ауыл түбіндегі аты аңызға айналған ағашты көруге жаяулатып жетіп бардық.

SONY DSC

Міне – Әулиеағаш. Кәдімгі қара ағаш тұқымы! Бірақ өн бойы тым өзгеше. 100 жасаған кейуананың кейпіне келе ме, әйтеуір тарихтың небір кезеңдеріне тап болғаны сезіліп-ақ тұр. Әлемде мұндай ағаш ұш-ақ елде бар деседі. Бірі Қытайда, бірі Меккеде, ал бірі міне көз алдымызда, біздің топырақта!

SONY DSC

Жуандығы жеті адамның құшағына әрең сыйып тұрған алып бәйтерек.

SONY DSC

Жазушы Дархан Бейсенбекұлының белді басылымдардағы алып ағаш жайлы жазылған түрлі аңыз-әңгімелерін оқып, содан есте қалған бір нұсқасын баяндап берейік.

Кезiнде бұл жерден Құдайдың жетi сүйiктi құлы Мекке-Мединаға сапар шегiп өткен деседi. Солардың iшiнде Шамашұрып деген Алланың нұрына шомылған әулие жатар мезгiлде қолындағы аса таяғын жерге шаншып қойыпты. Әулие сахарда тұрып қараса, әлгi түнде жерге қадап қойған асасы көктеп, тамырланып кеткен екен. Жаратқанның шексiз құдiретiне таң қалып, сансыз мақтау айтып тұрған Шамашұрыптың жүрегiне «Тиме, өсе берсiн!» деген аян келiптi. Мiне, содан әлгi асатаяқ көгерiп, қанатын кеңге жайып, тамырын тереңге тартып, жайқалып өсе бередi.

SONY DSC

Бүгінде Әулиеағашты қызықтап келушілердің саны өте көп. Ағашқа табыну үшін емес, саясынан тыным тауып, құдайдың құдіретіне куә болу үшін. Жеті ғасыр бойы тіршілігін тоқтатпаған тірі ағзаның ілуде бірі осы болар.

SONY DSC

Киелi ағаштың қасында бiр тамырдан нәр алып тұрған жетi жас ағаш бар. Жұрт оларды жетi ағайынды деп атайды. Және «Бозбала мен бойжеткен» аталған қос шынар да осы киелi ағаштың ұрпағы саналады.

Әулиеағаш ауылының тұрғындары қуаңшылық болғанда осы ағаштың басына келiп тасаттық бередi. Киелi ағаштың қураған бұталары осы тасаттық кезiнде ғана ас пiсiруге отын ретiнде пайдаланылады.

SONY DSC

Негізі Жаркент өңірі әлі зерттеуді қажет ететін өлке. Оған бір мысал, Өсек өзенінің бастауында тасқа қашалған көне суреттердің үлкен жиынтығын айтуға болады. Кәдімгі таңбалы тастың өзі. Келіп тұрып, оның үстіне естіп алып, көрмей кету ұят.

SONY DSC

Біздің тасты көрсем деген қиялымызға көрші Лесновка ауылының әкімі Жұмағазы Наймантаев тап келе қалды. Журналистердің бір ауыз сөзін  жерге тастамай бәрімізді Нива көлігіне басты да тартып отырды.

SONY DSC

SONY DSC

Жол бойы шопан үйін түгендеп, жер емген қазағымның жағдайын біліп, өңірдің тыныс тіршілігін бізге баяндап келеді.

SONY DSC

SONY DSC

Бұл отбасы Қытайдан келген қандастарымыз. Квота бойынша қаладан жер телімі бөлінген, алайда несібесін қаладан тергенше даладан адал еңбекпен өндіруді мақсат тұтты. Бүгінде бір қора малы бар үлкен әулет. Ата дәстүріне де берік жандар. Отанасы ұсынған бал қымыз бен дайын қуырдақ жолдан қалжыраған біздің еңсе тіктеуімізге үлкен септігін тигізді.

SONY DSC

Қойтастар шопанның үйіне жақын болғандықтан көлікті сол маңайға қалдырдық та Өсек өзенін мына аспалы көпір арқылы өттік.

SONY DSC

Көктем болғандықтан өзеннің ағысы тым қатты. Байқамасаң обалың өзіңе.

SONY DSC

Табиғаттың шеберлігінде сөз жоқ. Сурет, сөйлеп-ақ тұр.

SONY DSC

SONY DSC

Жүргенге жөргем ілінер, ал бізге бұйырған мына таңбалы тастарды көру бақыты.

SONY DSC

Жұмағазы ағамыздың айтуынша кезінде бұл жәдігердің қажетін ешкім ұқпады. Талай тасты жарып құрылысқа қолданған кездер де болған. Осы маңдағы талай үйдің іргетасында құнды жәдігердің бір бөлшегі барын біреу білсе біреу білмейді.

SONY DSC

Өкінгенмен не пайда, өткен заманды қайтара алмайсың. Сондықтан бүгінде бар мұрамызды сақтап, болашаққа аманат етіп жеткізу басты парыз. Сапар соңында әріптестерімді дәу тастың маңайына тұрғызып естелікке деп таспаға түсіріп алдым.

 Асқар БЕКОВ

Суретті түсірген автор және Қайрат ҚОНЫСБАЕВ

22 Пікір

  1. Пәлі, көңіл түкпіріне көшіп кеткен көріністерді жаңғыртыпсың, Асеке! Жарайсың! Рахмет

  2. Асқар, тағы бір игілікті істі атқарыпсың. Қазақ жерінің керемет көріністерін көріп, көңіліміз өсіп қалды. Кіндік қаның тамған Сыр топырағындағы табиғат туындылары да жалпақ жұртқа таныс болар күн алыс емес шығар…

  3. Бәрекелді! Ашқан сайтың, бастаған тірлігің берекелі болсын, Асқар інім. Бұл қазақтың жері мен елін, көне тарихы мен келешектегі мүмкіндіктерін танытудың бір тиімді тетігі ғой, білгенге.

  4. «Бұл өлкеден жүкке лық толы көліктер шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйіткіп жатады, жүйіткіп жатады». «Бұл өлкеде пойыздар Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа қарай жүйткіп жатады» Шыңғыс Айтматовтан ұрланған сөз. «Тополек мой в красной косынке» деген повесін оқыңдар.
    Осы жиендік болмаса, басқасы күшті екен.

    • Айнаш, өзіңдей оқырманымыз барына қуанамыз! Тек ұрлады дегеніңіз ауыр тиді. Шыңғыс Айтматовтың сөзі екенін көзі ашық оқырманның барлығы біледі. Бұл жолдарды мен бала кезімде-ак «Боранды бекет» романынан оқығанмын. Халыққа жақын цитата болғандықтан қолдандым.

  5. Асқар, Сізге рахмет! Сайт жақсы. Барынша жұмсақ жеткізгендей болғанмын. Көңіліңізге келмесін… Суреттердің сапасы ғажайып! Осы елжанды фотоларды түсірген адаммен «Егемен Қазақстан» газетінде твочестволық тандем құруға дайынмын

    • Bastysy bir birimizdi tusinsek bolgany. ))) Al sizdermen tandem kuru biz ushin ulken martebe.

  6. Өй, Асеке, жарайсың азамат. Ауылға барғандай болып желпініп қалдым. Алла разы болсын саған…

    • Мұрат аға, Алатаудың лебі Тұран даласына да жетіп, туған жерін аңсағандар мауқын бассын деген еңбек )

  7. Асеке фоторепортажың әсері керемет екен! Іске сәт, еліміздің көрікті жерлерін бір түгендеп шықшы!

  8. Ауылдың иісі аңқып тұр. Есек мінген баланың бейнесі ауылымды есіме түсіріп жіберді. Осындай қарапайым көріністер ҚАЗАҚты сақтап қалады. Осындай көріністерді бастырмалата беріңдер! Рахмет!

  9. Мына жерді көргім келіп тұрғанын ай. Өмірде біз күтпеген тосын оқиғалар көп екен. Табиғаттың құдыреттілігін айтсайыш. Пах шіркін!!! Керемет көрініс.

  10. Аскар бастаған ісің баянды болсын! Әлі талай ашылмаған сырлары бар жерлерді сенің сайтыңнан көреміз деп үміттенемін

  11. Здравствуйте.
    Подскажите пожалуйста где находится подвесной мост с фотографии? Он рядом с ручьем Талдыбулак на слиянии большого и среднего Усеков и ведет к перевалу Кошема?

    • Добрый день Алексей.
      Да, подвесной мост находится рядом ручьем. На машине можно доехать только до подвесного моста, дальше только пешком. Я Вам на почту отправлю карту с гугла где расположился мост.

    • Спасибо большое, посмотрел.
      Летом мы собираемся посетить горы Джунгарского Алатау и думаем начинать от слияния Большого и Средлнего Усеков на тропе к перевалу Кошема. Это километрах в 15 выше того места, что вы показали.

      Известно ли вам что-то о наличии там мостов?

    • То что вот этот мост, он есть. Я сам по нему проходил. ) А про остальных не буду врать, не знаю.
      Удачи Вам! И хороших фотографии!

Пікір қосу