ХХ ғасырдың соңынан бастап біз арамыздан күрең беретті жігіттерді сирек те болса кезіктіре бастадық. Көп сөйлеп көпірмейтін, денесі шымыр, қозғалысы шапшаң әрі ойы ұшқыр бесаспап батырларға қарап талай бозбала бой түзегені ақиқат. Түрлеріне қарасаң төзімділік пен сабырлықтың таңбасын айқын байқайсың. Ішкі әскер бөлімінің ең бағалы әрі беделді жасақтарының біріне баланатын күрең береттілер қатарына кімдер және қандай қиындықтармен өтетінін біздің кезекті репортажымыздан тамашалаңыздар.

01

Әскерде көрген «табуретканың» зардабы күрең береттілердің сынағы жанында дым да емес екен. Тепсе темір үзетіндердің қатарынан табылу қиынның қияметі.  Ішкі істер министрлігіне қарасты ішкі әскер бөлімінің құрамындағы «Бүркіт» арнаулы жасағының сапындағы күрең береттілердің өз қатарына жаңа сарбаздарды қабылдау рәсімі осының айғағы.

02

Алматы қаласына қарасты  Ішкі әскерлер құрамының оқу-жаттығу орны  Қапшағайдың іргесінде орналасқан. Үлкен аумақты алып жатқан оқу-жаттығу бөлімінде казарма, монша, жаттығу алаңы мен сарбаздардың сап түзейтін алаңқайы орналасыпты.

03

Бізді қарсы алған ішкі әскерлердің жетекшілері сынақ алаңында өте сақ болуымызды, жарылғыш заттар жасырылған аумақтарға аттап баспауымызды ескертті.

04

Бүгінде «Бүркіт» арнайы жасағына тек кәсіби мамандар, яғни әскери қызметке келісім шарт бойынша келген азаматтар ғана қабылданады. Олардың өздері күрең беретке ие болу үшін сынақ тапсыруы шарт. Арнайы бөлімде бір жылға дейін қызмет етіп, ешқандай сөгіс алмаған сарбаздар ғана қызыл беретке қол созуға мүмкіндігі бар.

05

Күрең беретке қол жеткізу үшін алғашында 42 сарбаз бақтарын сынаған болатын. Алайда бүгінгі күнге дейін олардың тек 20 пайызы ғана сүрінбей жетіп отыр.

06

Үміткерлерді командир бекітеді. Осындай талаптардан кейін ғана үміткерлер алғашқы кезеңдерге жіберіліп, сынақтан өтеді. Кез келген үміткер радиостанциясы арқылы байланыс орнатуды, бронды техниканы жүргізе білуі тиіс. Олар нормативтердің бәрі «жақсы» және «үздік» деген бағаға тапсыруы қажет. Әйтпеген жағдайда үміткер екінші кезеңге жіберілмейді.

07

08

Екінші кезең негізгі біліктілік сынақ болып табылады. Бұл кезеңде сарбаздар жауынгерлік және арнайы дайындық бойынша ұзын саны 25 норматив тапсырады.

09

Сонымен сынақ басталды! Жұрттың бәрі демдерін іштеріне тартып, жаттығу алаңына көздерін тікті. Әп-сәтте алаң отқа оранып әр жерде снарядтар жарылып, айнала қою қара қошқыл түтін басты. Құдды бір майдан даласы дерсіз… бес қаруын асынып, сынақ тапсыруға сақадай-сай тұрған сарбаздар қолындағы қарулармен оқ боратып, алға ұмтылды.

10

Қою түтіннің арасынан олардың алаулап жанып жатқан отты шеңберге арыстанша ұмтылғанын көріп калдық. Бұдан соң лаңкестер басып алған абажадай автобусқа түйғынша тап беріп, жасанды түтін шығаратын құтыларын лақтырып, қоғамдық көлікті басып алған ланкестердің лезде көздерін жойды.

11

Міне, алға ұмтылған сарбаздар жер бауырлап жата қалып, қарсы бетке дамылсыз оқ жаудырып, соңдарынан ерген қарулас серіктерінің  алғы шепке өтуіне барынша жағдай жасауда.

12

13

Бұдан соң арнайы жасақтың сарбаздары тікенек сымдармен қоршалған алаңқай, жалғыз аяқ көпір, биік биік дуалдар өздеріне тосқауыл бола алмайтынын іспен көрсетті.

14

Жер әлемді тітіркенткен пулемет пен жарылғыш заттардың даусын естігенімізде, төбе құйқамыз шымырлап, өн бойымызда тоқ жүріп өткендей болды. Біз көрген әскер мен біз көріп тұрған мына әскердің айырмашылығын айтпасам да болады.

15

Осылайша, 300 метр жерде орналасқан кедергілерден қиналмай өтіп, қарсыластарын қапыда қалдырған сарбаздар белгіленген межеге 10 минуттың ішінде жетіп, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды.

16

Сынақтың екінші бөлігінде күрең беретке қол созған жігітткер қоян-қолтық төбелеске шығып, білек күштерін сынады. Тоғыз минутқа созылған бұл сынақ сарбаздар үшін өте ауыр болды десек қателеспейміз.

17

Әдетте былғары қолғап шеберлері әрбір рауындта 3 минуттан қолғап түйістіретіні белгілі. Ал бұл жерде үзіліске орын жоқ. Әуел баста күрең беретке қол созған жігіттер өз арасында үш жұп құрап жұдырықтасса, бұдан кейін олар арнайы жасақтың әбден ысылған жігіттеріне қарсы тұрды.

18

Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай қарулы жігіттер алты жігітке бүркітше түйіліп, күрзідей ауыр жұдырықтарымен төмпештей ала жөнелгенде, олардың шаруасы біткен шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек онымыз бекер екен. Қанша қалжыраса да, сыр алдырмауға тырысқан алты жігіт түрлі айлаға жүгініп, арнайы жасақтың сарбаздарына жұдырық сілтеумен болды. Өз кезегінде апайтөс жігіттер де қарсыластарын бас-көз демей сабалап, жұдырықтың астына алды. Себебі жаңадан қабылданып жатқан сарбаздан жеңілсе, олар күрең беретін өткізуге тиіс еді.

SONY DSC

Алты сарбаз әріптестерінің ауыр соққысына шыдап, барынша қарсыласты. Арыстандай арпалысқан сарбаздардың бәсін тамашалаған өзге сарбаздар күрең берет үшін неге де болса қас-қайып, қарсы тұратын әріптестерін қолдап, дем берумен болды. Тоғыз минуттың соңғы, яғни үшінші бөлігінде әбден қалжыраған сарбаздар қарсыластарын ауыстырып, тағы да білекті жігіттерге қарсы тұрғанда қайран қалдық. Олар мұрындары қанап, езулері жырылса да алған беттерінен қайтпады.

20

Ішкі әскерлер Алматы қаласы құрамасының қызметкері Дархан Мұханов «Бүркіттің» сапында тұруға ұмтылған жігіттерді 9 минут бойына шыдамдылық танытып, тұмсығымен жер сүзе құламауы керектігін айтып, бізге түсіндірді. Айтса айтқандай, алты жігіт әріптестерінің жойқын соққыларына шыдап, белгіленген уақыт түгесігенше қоян-қолтық ұрысты тоқтатқан жоқ.

21

22

Сынақ барсында арқасында «спецназ» деген жазыу бар қара көйлекті киіп алып, ары-бері ойқастаған «Бүркіттің» сарбаздарын көргенімізде, бұлар қай елдің «спецназы» деп ойладық. Бұлшық еті білеуленген жігіттердің бетіне қараған адам олардың бәрі қазақтар екенін жазбай таниды. Ал арқасындағы жазуы анау. Кез келген елдің элиталы жасағы ұлттың айбыны, мемлекеттің атрибуты болып саналады. Ал біздің сарбаздардың киіміне «арнайы жасақ» деген екі ауыз сөзді жазып бермеген «қолбасшыларымызға» қарадан-қарап қарнымыз ашты. Бұл аз десеңіз күрең беретті жігіттердің күні бойы көтеріп жүрген қызыл байрағы да орыс тіліндегі сөздермен тәпсірленіпті. Сөге көрмеңіздер, біздің айтқанымыз тек байқағанымызда.

23

24

Сынақ соңында күрең береттілер ел тұрғындарының тынышытығын сақтауға, өз қызметін адал атқаруға уәде беріп ант етті.

 Нұрлан ЖҰМАХАН.

 Суреттерді түсірген автор және Қайрат Қонысбаев.

6 Пікір

  1. «Әскерде көрген «табуретканың» зардабы күрең береттілердің сынағы жанында дым да емес екен» — деген жақсы айтылған. Ағаларымыз табуретканы көп айтып мақтанушы еді.

  2. Қазақтың атын шығаратын материалдар саиттарыңда көп болсын.Істеріңе сәттілік.

Пікір қосу