Малайзия сапары мен үшін туристік саяхат болған жоқ. Нақты мақсатпен, арнайы бағдарлама шеңберінде барған соң, аралдардан құралған әсем елдің бар кереметімен танысуға мүмкіндік болмады. Алайда мен орналасқан ел астанасы Куала-Лумпурдың өзі бір мемлекетке бергісіз бай тарихы мен адам тамсанарлық архитектурасы арқасында тұтас елдің тұрпатын алысқа бармай-ақ көз алдыма жайып салды. Сондықтан бұл репортаж елдің бас қаласы – Куала-Лумпурдың «жарнамасын» жасауға арналмаған. Десе де, қалыптасқан журналистік дағды бойынша көз көрген ерекше тұстарды көңілге түйіп, қойын дәптерге түртіп те жүрдік. Ендеше, біздің көңілдің «объективіне» не ілікті?

 

1-сурет

Алғашқы әсер Куала-Лумпур әуежайынан сыртқа шыққан сәтте-ақ анық сезілді. Қанша тропикалық аймақ екенін білсек те, дәл мұндай ауа райына тап боламын деп ойламаппын. Құдды, моншаға кіріп кеткендей боласың. Үстіңнен теріңнен бөлек, майыңды да қоса ағызатын дымқыл ыстық. Қолқа қабады.

2-сурет

Сондықтан, құтты мекенге қоныстанған бойда біздің бірінші бағытымыз бассейн болды.

3+

Малайзияда, белгілі, қыс пен қар болмайды. Есесіне, жаңбыры мол. Аспанды қалың бұлт торлап, күн күркірегенде, одан ары жауыны құйып бергенде, қолшатырың кәдеге жарамай қалады. Куала-Лумпур базарында резеңкеден жасалған аяқ киімнен көз тұнады, сөйтсек, халықтың жергілікті климаты соны қажет етеді екен.

4-сурет

Бұл – әйгілі Бату үңгірінің алды. Тарихшылар үңгірдің тарихын бірнеше миллиондаған жылдармен есептейді. Индуистердің Үндістаннан тыс мекенде орналасқан ең ірі орталығы да осы.

5-сурет

Үңгірдің ішіне ену үшін 272 тепкішектен тұратын баспалдақпен жоғары көтерілуің керек. Баспалдақтың өне бойында туристердің жолын торитын маймылдарды тамашалаумен-ақ жоғарыға қалай көтерілгеніңді білмей қаласың.

6-сурет

Бұл жігіттің есімі – Хамед Тарази. Сауд Арабиясының қасиетті Мәдина қаласында тұрады. Оқу барысында жақсы достасып кеттік. Атасы Сайид Махмуд Тарази Қазақстанда дүниеге келіп, кейін Сталиндік қудалау кезінде Сауд Арабиясына қоныс аударған. Қазақ елінің дін қызметкерлері арасында оның есімі танымал. Оған біздің ағайын ерекше құрметпен «Алтынхан төре» деген ат та берген. Тараз қаласында атында көше бар. Хамед те өзін қазақпын деп есептейді, Қазақстанға келгісі келеді. (Ол және атасы жайлы алдағы уақытта бөлек репортаж дайындаймын).

7-сурет

Гентинг ойын-сауық қаласы (Genting Highlands Theme Park) 2000 метр биіктегі тау шыңында орналасқан. Бар керемет осы жерге тоғысқан. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, барып көрген абзал. Менің бұл репортажда айтқым келетіні, тау шыңында тілек бұрышы бар екен. Әлемнің әр елінен келген туристер өз тілектерін тақтайшаға жазып қалдырады. Қазақ тілінде жазылған алғашқы тілек менікі болды.

8

Бұл сурет те сол Гентинг ойын-сауық орталығында түсірілді. Малайзиялықтар үшін қолдан жасалған қар да – экзотика. «Қысқы бақты» қызықтауға туристерден гөрі жергілікті тұрғындар көбірек келеді.

9-сурет

Сізге өтірік, маған шын, Малайзия джунглиіне жасаған сапар кезінде телефон камерасына белгісіз бейне ілігіп қалыпты. Жалаңаш жон арқасы мен басы ғана көрінген адам бейнесі мен үшін әлі жұмбақ. Ну орман ішінде бізден басқа жан болмаған. Санаулы ғана адамбыз. Фотосуретті түсірген досымыздан басқамыз суретте көрініп тұрмыз. Сонда ОЛ кім?

10-сурет

Көзілдірік таққан жігіт мен білім алған Лондон Ағылшын Академиясының мұғалімі – Эди Тан. Талантты, өнерлі жас. «Отан ана» әнін қазақ тілінде орындап беріп, таң қалдырғаны да бар. Айтпағым, жоғарыдағы суреттегі жұмбақ бейненің бір шешімін Эди айтып берді. Оның айтуынша, Малайзия ормандарының өз иелері бар. Олар әдетте, көзге көрінбей, тек олардың аумағына біреу басып кірсе және қиянат келтірсе, белгі береді екен.

11-сурет

Эдидің айтқаны мені ойландырып тастады. Өйткені, ОНЫҢ аумағына басып кіргенім де, талда өсетін құты пішіндес (monkey cup) өсіндісін жұлып алғаным да рас болатын. Мүмкін, осы қылығыма ашуланған болуы керек. Кім білсін?

12-сурет

Бұл суретті өзім жалдаған пәтердің балконынан түсірген болатынмын. Керемет көрініс.

13-сурет

Бұл сурет те дәл сол балконнан түсірілген. Бірақ қаланы қалың түтін басқан кез. Индонезияда орман өртеген кезде Сингапур, Малайзияны аптадан астам уақыт осындай қалың түтін басып алады.

14-сурет

Тағы бір есте қалғаны, малайзиялықтар қарапайым заттардан керемет дүниелер жасауға шебер. Демалыс орындары, саябақтардың жасалуына көп шығын жұмсалды деп айта алмайсың. Есесіне, әдемі, ыңғайлы.

15-сурет

4 айға созылған сапарым лезде-ақ өте шықты. Бір өкініш бар. Малайзияның аралдарына баруға жол түспеді. Есесіне, алысқа кетпей, Куала-Лумпурға адал қонақ болдым. Сапардың түйіні сол: I LOVE KL!!!

  Нұрболат АМАНЖОЛ.

Суреттер автордікі және Александр Чередниченко мен airpano.ru сайтынан алынды.

7 Пікір

Добавить комментарий для Ерсайын Болдырмау