14 наурызда еліміздің Батыс аймағында, әсіресе Маңғыстау өңірінде Амал мерекесі аталып өтеді. Ел арасында бұл күн «көрісу» деп аталып кеткен, яғни қыстан аман-есен шыққан халық бір-бірімен көрісіп қол алысады. Диктафоны қолдан түспейтін Нұрлан Жұмахан мен фотоаппаратын серік еткен Серік Майемеров Отпан таудың етегінде дүркіреп өткен үлкен тойдан фоторепортаж ұсынады.

01

01+

Тойдың боларынан боладысы қызық демекші ертемен келген ел ақшаңқан киіз үйлерді жағалай тігісіп жатты. Нағыз қазақы ауылдың бет бейнесін алыстан жазбай-ақ танитындай кейіпке лезде-ақ айналды.

02

02+

Әр үйден домбыраның күмбірі естіліп, қазан ошақта бауырсақ пісіріліп наурыз көже әзірленді.

03

Ауылға кіре-беріс тұста жауырыны жер иіскемеген палуандар күш сынасып, жиналғандардың делебесін қоздырып тойдың көркін одан сайын арта түсірді.

04

04+

Мерекенің алғашқы күні кеңбайтақ еліміздің әр шалғайынан келген бауырларымыз Отпан тау басында құшақтаса көрісіп, бір-бірін Амал мерекесімен құттықтасып жатты.

05

Жиналған халықтың қарасы көбейіп, аман-саулық алысқаннан кейін шың басына өрлейтін жалғызаяқ жолмен Адай ата кесенесіне жиналған ағайындар Адай атамыздың аруағына бағыштап Құран оқыды.

06

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей халқымыздың салт-дәстүрінің өзіндік мән-мағынасы зор. Ендеше Амал мерекесінің ұрпаққа берер құндылықтары жайлы баяндап берейік.

07

Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дастарханын жаяды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығатыны баршаға мәлім. Бір-біріне «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» деп тілектерін арнайды.

08

Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп көріседі. Міндетті түрде әр адам кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс.

09

Ата дәстүрін ардақтаған маңғыстаулықтарда бір бірімен көрісуге болмайтын жандар да кездеседі. Мысалы әулеттің келіндері өз қайын жұртында қайын інілерінен басқа ер азаматтарымен көріспейді. Мұның астарында қайын ағаға, жездеге, әулет ақсақалына деген құрмет, тәрбиелік мән жатқаны аңғарылады. Ал өз төркінінің ер азаматтарымен көрісуге рұқсат.

10

Ұлыстың ұлы күні түркілер кілең жаңа ақ киім киетін, ақ боз атқа мінетін, ақсақал абыздан бата алып, ағарып атқан таң нұрына маңдайын тосып, тәу ететін, ақ тағамдарын ішетін. Малшылық мәдениетті тірек еткен Тұран халықтарының жаңа жылы кейіннен диқаншылықты негіз ететін түстіктегі сақ жұрағатынан таралған, әсіресе Парсы өркениетімен араласып-құраласып, Наурызнама деген халықаралық мейрам болып бүгінге жетіп отыр.

11

Түркі жаңа жылы қыспен жаздың, жаңа мен ескінің, өмір мен өлімнің тартысқан түйінді сәті ретінде рәмізделеді. Махмуд Қашқаридың «Қыс пен жаздың айтысы», ел ескілігіндегі қыс иесі Зымыстан мен жаз иесі Табысқанның күресі – мұның бәрі ескінің құлап, жаңаның жалғасуын тұспалдайтын бейнелер. Ел Ұлыс күні ескі ыдыс-аяғын сындырып, өртеп те жіберетін болған. «Ескі ыдыс-аяқтың түтіні шығар будақтап» дейді бір өлеңде. «Күң құтылар сырықтан, құл құтылар құрықтан» дегендей бұл күні құл патышаның тағына отырып, бір күн билік етуге рұқсат берілген дейді кәріқұлақ әңгіме.

12

Наурызда бір-бірімен көріскен халық «бір жасың құтты болсын!» деседі. Себебі, бұл күні адамдардың ғана емес, бүкіл ғаламның туған күні болып саналады. Демек, бұл күні бүкіл әлем, табиғат ана толғатып, өмірге келген күн болғандықтан бараша адам жас сәбидей жаңаруы керек. Күн мен Түн теңескендей кез келген адам бір-бірімен теңелуі болған. Мұны нөлдік уақыт десек болады.

13

Заңғар Қап тауының көк құсы көзін ашып, сеңгір биіктен Ұлыстың ұлы күнінің нұрын көріп, Самарқанның көк тасы да бусанған табиғат ананың мейіріне балқып еруі тиіс. Мұндай асыл сәтті «судаға балық сезіп аунап түседі, қорадағы мың қойдың бірі түсінеді» дейді ел аңызы.

14

Түркінің он екі жылдық мүшелінде бірінші жыл неге тышқан болды? Күмбір-күбір кісінеген жылқы, қоңыр мінез қой, асау барыс, сахара кемесі түйе неге алға шықпады жарыста. Бұл да көне танымның заңдылығынан туған құбылыс. Себебі, мифологиялық-ертегілік эстетика ұдайы әлсіз кішкентайды дәріптеп, жеңістен жеңіске жеткізіп, зорекер алып күштіні сүріндіріп, үнемі утпопиялық әділеттің салтанат құруын жақтайды. Ендеше даладағы ең алып хайуан түйе мен кішік жануар тышқан бәсекелеседі де, нәтижесінде аңқау да көмбіс ойсылқара оңбай жеңліп, санаттан шығады. Ал денесі әлсіз болғанымен ақылы мен айлакер қулығы үстем тышқан жылбасы болады. Осылайша бабалар бойға емес, ойға сенуді мақұлдап, әрдайым ақыл-ойды үлгі еткен. Әйткенімен ұлық мал түйені түрік-маңғол халықтарында он екі мүшелден қалдырмайтын әпсана бар. Түйенің құлағы тышқандікіндей, тұяғы сиырдыкіндей, кеудесі барыстікіндей, еріні қояндікіндей, мойыны жыландікіндей, шудасы жылқының жалындай, жоны қойдікіндей, бөксесі мешіндікіндей, төбес тауықтыікіндей, сандары иттікіндей, құйрығы доңыздікіндей емес пе?

Мәтіні Нұрлан ЖҰМАХАН.

Фото Серік МАЙЕМЕРОВ

3 Пікір

  1. Амал мерекесін Қазақстанның Батыс өңірлері тойлайды, оның бүкіл қазаққа ортақ мереке болмағаны ма?

    • Қазаққа ортақ мереке. Бірақ бүгінде тек батыстықтар атап өтеді.

Пікір қосу