Стефан Бодио – АҚШ-тың Нью-Мексико штатының тұрғыны, танымал жазушы-саятшы. Ол өзінің Eagle Dreams: Searchіng for Legends іn Wіld Mongolіa («Қырани армандар: жабайы Моңғолия аңыздары жолымен») атты еңбегінде бала күнінде Natіonal Geographіc журналынан басында тымағы, үстінде шапаны, қолына қыран құсты қондырып тұрған қазақ бүркітшісінің суретін көргенін жазыпты.

01

02

Бұл бүркітшінің бала Стефанға әсер еткені сондай, ол өмірлік мақсаты ретінде – Орталық Азия, Сібір, Моңғолия мен Қытайдың саятшылық өнерін зерттеуге бір-ақ бұрады. Көшпенділер өркениетімен танысқан зерттеушінің аңшылық өнерге құмары ерекше артады.

03

«Менің қазақ тазыларына қызығушылығым сонау 1980 жылдардың аяқ шенінде-ақ басталған. Иранда өмір сүрген ұлты неміс, таныс аңшы әйел болушы еді, сол кісі бірде менің Луна есімді салуки тұқымдас араб итіме қарап «Не деген әп-әдемі тазы!» деп қалды. Мен «тазы» деген салукилердің парсы тіліндегі атауы болар деп ойладым да, ерекше мән бере қоймадым», – дейді Стефан.

04

Бір күні таныстары Стефанға қазақ бүркітшілері жайлы түсірілген бейнебаянды көрсетті. Бүркітшілер жанына ерткен, түлкі мен қоянды шеңгел ішінен қуып шығып жүрген иттер оның назарын өздеріне аударады.

05

«Ақыры, қазақ тазыларына деген құмарлық мені батыл қимылдарға итермеледі. Ғаламтор арқылы қажетіңді іздеп табу бүгінде оңайлаған, мен де соның көмегіне жүгіндім. Тазыны іздеу барысында Украинадағы «Натуралист» интернет-журналының редакциясымен байланысқа шықтым. Қазақстанның тумасы, украиналық Сергей есімді азаматпен танысып, ол қазақ тазыларына қол жеткізуіме көп көмектесті» – дейді Стефан.  Ал 2002 жылы Сергейдің Қабылан есімді тазысы күшіктеп, Стефан көп қиындықпен алғашқы тазысы – Лашынға қол жеткізеді.

06

Стефан Лашыннан кейін де Қазақстаннан бірнеше мәрте тазының күшіктерін алдырған. Бүгінде Нью-Мексикода тазылардың үш ұрпағы қалыптасса, таяуда төртінші ұрпақ күшіктері де дүниеге келмек.

07

Стефан Бодионың өз қолында қазір 4 тазы бар. Атайка мен Лашын – ұрғашы тазылар.

08

Атайканы Стефан күшік кезінде Алматыдан, Константин Плахов есімді азаматтан сатып алған.

09

Қыран – еркек тазы.

 

10

…және жас Ирбис. Ирбистің өзге тазылардан ерекшелігі, ол АҚШ-та дүниеге келген. Ирбис моңғол тілінде «Қар барысы» дегенді білдіреді.

11

Стефанның қолындағы төрт тазы ішінде аңға шықпайтыны – Лашын. Ол қартайған. Десе де Атайкамен ойнаудан әлі де бас тартпайды.

12

12+

Стефан Нью-Мексикода тазыға қызыққан алғашқы жанның бірі. Алайда бүгінде тазы асыраушылар қатары бұл штатта да көбейіп келеді.

13

Стефан тек аңшылықпен айналысады, ал өзге тазы асыраушылар оларды түрлі жарыстарға қатыстырумен шұғылданады.

13+

Мұндай жарыстарда қазақ тазылары алдына өзге ит салмайтынын асыраушылар мақтанышпен жеткізуде.

14

«Нью-Мексиконың табиғаты қазақ даласына өте ұқсас келеді. Демек, біздің жақтың иттері де өте жүйрік болуы тиіс. Алайда дәл аңшылық жөнінен қазақ тазылары ит атаулының төресі дер едім. Өмірімде қанша аңшылық итін асырасам да, тазымен теңесер әлі ешбірін кезіктірген емеспін», – дейді С. Бодио.

15

Ал мына тазының есімі – Аймун. Айдың екі тілдегі атауын қосып, әдемі есім берген тазыға америкалықтар.

16

Стефан қазір 64-те. Оның арманы – тазылардың ұрпағын көбейтіп, болашақта Қазақстанға әкеліп, ата-бабалары аңға шыққан мекенде бақтарын сынап көру.

Нұрболат АМАНЖОЛ

(Суреттер Стефан Бодионың жеке мұрағатынан алынды)

5 Пікір

  1. Шетелдіктер қай өнерімізге қызықпай жатыр дейсің,қолда бардың қадірін білмейтін біздер ғой.

  2. мен мына шет елден корка бастадым, биз оз елимиздин барымызды кадирлей алмаймыз! окиништи -ак! анау шеттен келген немис кымыздымызды ишип корип, мен шыгардым деп ПАттентеп алды, сумдык-ай сонау ата- бабамыздан келе жаткан сусынымызды кор еттик! ал енди мына америкалык биздин тазымызды, тобетимизди паттентеп алмаса болганы! ОЯН, ҚАЗАҒЫМ! айфонмен, джипке жабыспай! Бул маселе Мемлекеттик денгейде котерилуи тиис!

Пікір қосу