БҰҰ-ның мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау жөніндегі өкілі Каталина Девандес бір баяндамасында: «Білімге бәрі құштар. Оқытуға келмейтін бала болмайды. Кей балалардың оқи алмайтынына көндігіп, білім ошақтарынан тыс қалдырғанымыз дұрыс емес. Бүгінгі мектептерді қоғамның әр мүшесін тегіс қамти алатын деңгейге жеткізіп, соған ықпал ететін, соны реттейтін құрылымдық өзгерістер енгізуіміз аса маңызды» деп атап өтті. Сөзінің жаны бар. Бүгінгі қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі, яки даму ерекшелігі бар балалардың басты мәселесі бүкпесіз айтылыпты.


Қазіргі уақытта инклюзивті білім беру ісіне ден қойыла бастады. Біздің мемлекет ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып білім алуы үшін ерекше жағдайды қажет ететін балаларға тең дәрежеде оқу оқытуды заңнамалық деңгейде бекіте алды. Ауылды, ауданды жерлерде болмаса, ірі қалаларда инклюзивті білім беру мәселесі біртіндеп жолға қойылуда. Біртіндеп болса да, бұл саланың бір жүйеге келтіріле бастағаны көңіл қуантады. Өйткені, 2-3 ерекше баланың арнайы мектептен гөрі, жалпы ортада білім алуы оның дамуына әлдеқайда тиімді ықпал етеді. Оның үстіне, 10-15 ерекше баланы бақылағаннан гөрі, 2-3 көңіл бөлу мұғалім үшін де аса қиындық тудырмауы қажет. Мұны сала мамандары да талай мәрте айтып та, жазып та жүр.  Мәселен, Алматыдағы №75 мектепте үш түзету сыныбы жұмыс істейді. Мұнда 12 ерекше бала білім алады. Бұл білім ошағының мұндай жауапкершілікті өз мойнына жүктеуіне «Болашақ» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асатын «Равный равному» жобасы септескен. Осы мектепте білім алатын ерекше балалардың дамуындағы прогресс жайында әлеуметтік желілерден жақсы білеміз. Ерте жастан дамуында аутизм диагнозы анықталған Амина Ташиева осымен екінші жыл жалпы мектепте білім алса, Даун синдромы бар Асад Шакибаев та биыл №75 мектептің бірінші сыныбын бітірді.

Түзету сыныптарында балалармен  дефектолог, психолог, логопед пен тьютор жұмыс істейді. Тьютор ерекше баланың жалпы сыныпта білім алуына бейімделуге көмектеседі. Мәселен, дамуында ерекшелігі бар оқушылар бірден 45 минуттық сабақ барысын қабылдай алмауы мүмкін. Тьютор осыны қадағалап отырады, қажет жағдайда сыртқа алып шығады. Демек, Каталина Девандес айтқандай, барлық балаға білім беруге болады. Тек даму ерекшеліктеріне қатысты қажет жағдай жасалуы тиіс емес пе?

Дамыған шет мемлекеттерде мұндай ерекше балаларды қолдауға, қамқорлық көрсетуге көп жағдай жасалады. Олардың бұл әрекеті өз жемісін беруде. Өйткені, ерекше балалардың түрлі салада жетістікке жетіп жүргеніне де куә болып келеміз. Ресей саясаткері, публицист Ирина Хакамаданың актриса, биші қызы Мария мен оның досы, спорт шебері, әлем чемпионы Владислав жайында біразымыз білетін де шығармыз. Бұл — бір ғана мысал.

Сала мамандары елімізде инклюзивті білім алуға кедергі келтіретін бірқатар проблемаларды атап көрсетуде. Шындап кіріссек, шешілмейтін мәселе болмайды. Мүмкіндігі шектеулі, я болмаса, дамуында ерекшелігі бар балалардың білім алуға қауқарлы екеніне көз жетіп келеді. Олар бізді өздерінің ел қатарлы білім ала алатынына сендіре білді. 12 баланы оқыта алсақ, одан көбіне де білім бере алатынымыз анық, солай емес пе? Бастысы, ерекше балаларды арнайы мектептерге бөліп, шеттетпейікші.

P.S. Олардың ата-анасына да мейлінше қолдау көрсетуміз қажет. Жақында 1411 нөмеріне хабарласып, тегін психологиялық көмек пен маманның кеңесін алуға болатынын білдім. Айта жүрейік!

Асқар БЕКОВ

#ӘрБалаМектепкеЛайықты #БілімгеБәріҚұштар #EveryChildWantsToBeIncluded #Bolashakcharity #Аутизм 

 

(суреттер ғаламтор желісінен алынды)

Әзірге пікір жоқ.

Пікір қосу