Журналистер күніне орай QazaqAir әуекомпаниясы BestKZ туроператорымен бірігіп алматылық бір топ қалам мен қағазды серік еткен жандарды Bombardier Q400 ұшағына отырғызып, қазақ журналистикасының отаны саналатын Қостанайға алып барды.

Үш күндік сапар аясында біздің топ Қостанайдың көрікті орындарын аралап, қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин мен алашқа аты мәшһүр Ахмет Байтұрсыновтың музейін тамашаладық. Арнайы бір күнімізді қазақтың тұңғыш басылымы «Айқап» журналының бас редакторы, журналист Мұхамеджан Сералиннің туған жері Қарабалық ауданындағы Өрнек ауылына барып, ақынның жүріп өткен ғұмырымен танысуға арнадық. 

Қазақ сахарасының кеңдігі сонша, бір пұшпағындағы ел екінші тұсындағы жұрт­ты біле бермейді. Дәл солай оңтүстіктің тұр­ғындары солтүстікті, ал олар керісінше Қызылорда мен Алматының арасындағы тіршіліктен бейхабар. Әрине теледидар мен сайттардан, газет-журналдардан оқып біліп жатады. Дегенмен өз көзіңмен көріп, түйсіну бір басқа. Сонымен, мен көрген Қостанай қандай болды өзі?

Астанадан Қостанайға отарбамен 10-12 сағатта жетуге болса, Алматыдан екі күн­ге жуық уақытыңды сарп етуге тура ке­леді. Мұндайда авиацияның қолжетімді болғанын қалайсың. Ішкі нарықта өзін жақсы жағынан көрсетіп жүрген Qazaq­Air әуекомпаниясы іздегенге табыла кететін бірден бір тиімді компания. Су жаңа Bom­bardier Q400 ұшақтары Алатау бөк­терінен Қостанайға сізді 2 сағаттан сәл аса уақытта жеткізіп береді.

Қостанайға табаны тиген қонақ ең ал­дымен табиғатына тамсанады. Облыс ор­талығынан солтүстікке қарай жайқала өскен қалың орман кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Бұл жердегі әрбір аққайың мен қарағай менің жадымда қалған Шиш­кин мен Левитан картинасындағы таби­ғат­ты есіме салды.

Оңтүстікке қарай бет­тесең, жазиралы кең далаға, шөл мен шө­­лейтке және де өңірдің мақтанышы – Наурызым қорығына тап боласың. Егер де алдағы демалыстарыңыздың бірін осында жоспарлап, немесе қонаққа келіп өңірді аралаймын десеңіз сізге BestKZ туропера­торы өз көмек қолын соза алады. Қонақ үйді брондаудан бастап жекелеген экскур­сияға дейін ұйымдастырып береді.

Жалпы Қостанайда қонақ үйдің саны сондай көп те емес. Десе де, өңірде қонақ­тар мен туристердің саны үзіліп көрмеген. Сұраныс туып тұрған кезде неге жаңа қо­нақүйлер мен хостелдер пайда болмайды деген сауалымызға туроператор басшысы Гүлмира Қапанова жаңадан хостелдер ашы­лып жатқанын айтты. Солардың бі­ріне бізді арнайы алып барды. Тасболат Әбілғазин есімді жас кәсіпкер ашқан жаңа хостел Қостанайдың орталығында тұрғы­зылған ескі ғимарттың бірінші қабатын­да орналасқан. 1500 теңгеден басталатын жатын орындар саны – 24. Оның екеуі жо­ғар­ғы класс, бағасы – 2500 теңге. Қаржы­сын үнемдейтін туристерге бұл үлкен же­ңілдік болары сөзсіз. 25 жасар кәсіпкер бұл бизнесті шет елдерден үйренгенін айтады. Өзі де оқу барысымен де, туристік сапарлармен де жиі сыртқа шыққанда хос­телдерді пайдаланып, ақшасын үнемдеген. Бүгінде әлемде хостелдік жатын орын­дарды пайдаланатындардың саны артып келеді. Қостанайға келген туристер де енді мұндай игілікті сезіне алады.

Қостанай қаласында ескерткіштен көп нәрсе жоқ. Қала орталығынан пошташы жігіттен бастап Чарли Чаплиннің мүсініне дейін кездестіруге болады. Бұл қалаға қатысы болмаса да Пушкин секілді әлем әде­биетінің саңлақтарына да құрмет көрсетіліп белгі қойылған. Ал ең еңселі ес­керт­кіштердің бірі – Ахмет Байтұр­сыновтың бейнесі орталық саябақта орна­тылған.

Қостанай мемлекеттік универ­ситеті де қоғам қайраткері Ахмет Бай­тұр­сыновтың есімімен аталады. Оқу орда­сында Байтұрсынов музейі жұмыс істеуде.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Қос­танай облыстық мемориалды музейді де осы тө­ңіректен кезіктіресіз. Іргетасы 1991 жылы қаланған музейде 11 мыңнан аса жәді­гермен танысуға болады. Музей қорында 19, 20, 21 ғасырларда түсірілген суреттер, ескі кітаптар көптеп кездеседі.

Қостанай қаласынан 7 шақырым жердегі, Тобыл өзенінің жағасында бой көтерген Ыбырай Алтынсариннің мазары.

Қостанай – көпұлтты облыс. Басым бөлігі қазақтар мен орыстар. Орыстардың көптігін тың тыңайған жерлерді игеру жылдарымен, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ұлы көшпен байланыстыруға болады. Оның үстіне Ресей Федерациясының үш облысымен 1250 шақырымға созылған шекарасын тағы қосып қойыңыз. Бұл фак­торлар жергілікті тұрғындардың орысшаны жақсы меңгергенін байқата­-ды. Қазақ тілін меңгеру де кешегі күндерге қарағанда едәуір өсіп келеді. Өзге ұлт өкіл­дері де түрлі тіл үйірмелеріне қаты­-сып мемлекеттік тілді жатық меңгеруге тал­пынып жүр. 

Біздің сапарымыз Мұхамеджан Сера­линнің туған жеріне саяхаттаумен жал­ғасты. Алдымен Қарабалық ауданының ор­талығында жазушы, публицистке тұр­ғызылған ескерткішке соғып, аудан му­зейіндегі Сералинге арналған бөліммен таныстық. Аймақтың Қарабалық атануы жергілікті рудың атауымен байланысты. Тұңғыш журналистің өмірі жайында ин­тернетте түрлі деректер кездеседі, сон­дықтан біз оған тоқталмаймыз. Тек оның әкесі Түркістан өлкесінде туғанын, бұл аймаққа әкесінің ерте кезде көшіп келгені жайындағы деректі келтіргіміз келеді.

Қарабалықтағы Ғашура ана мешіті.

Ал Мұхамеджан Сералин болса, Өрнек ауылында, бүгінде Қазақстан мен Ресей шекарасы түйіскен тұста дүниеге келген. Дәл осы жерде ақынның зираты табылып, қайта реставрациядан өткізілді.

Өрнек ауы­лындағы мектепке Сералиннің есімі бе­ріл­ген. Ауыл тұрғындарының ірі елді-ме­кендерге көшуіне байланысты мектепте оқушы саны тым аз. Сенесіздер ме, бар-жоғы 10-15 бала. Соған қарамастан мек­теп өз жұмысын тоқтатқан емес. Кезінде 90 от­басы тұрған ауылда қазір 23-і ғана қа­лыпты. Бірақ, сол 23 отбасы ешкімге ала­­қан жаймай, өз шаруаларын дөңгелетіп, мал бағып күнелтуде.

Алматыға қайтар күні Ахмет Байтұрсыновтың музейіне кіріп, ұжымның атқарған үлкен жұмысына куә болып, қызметкерлерге табыс тіледік.

Сапарымыз журналистика күніне орайласып, ұлт тұлғаларының өмірімен танысу болғандықтан Наурызым қорығы секілді туристік ошақтарға ат басын бұра алмадық. Мұны жаратқанның алдағы са­парларымыздың еншісіне қалдырған жос­пары деп түйіп, қостанайлықтармен жылы қоштасып елге есен-аман қайттық.

 

Асқар Беков,

Алматы-Қостанай-Алматы

 

 

Жолда түйген ойлар…

Қарабалыққа жол жүріп келе жа­тып, жолда радар ұстаған бірде-бір по­лицейді байқамадым. Қостанайдан Өрнек ауы­лына дейінгі жолды есептер болсақ – 200 шақырымға жуық. Мә­селен, Алматы мен Бішкектің арасын алсақ, ол да 200 шақырым. Ал енді осы екі аралықта қан­ша жол полициясы қызметкері тұра­тынын өздеріңіз іштен біліп отыр­ған шығарсыздар. Неге біз жақтағы жолда полицей көп те, мұнда аз? Ал­дымен жол полициясы не үшін жол бойында тұратынын біліп алайық. Бі­ріншіден, сол маңда көлік апаты­ның көп тіркелгендігіне байланысты. Ал көлік апаты ереже сақталмағандықтан болады. Ережені бұзатын біз. Ұсталатын біз. Пара беріп құтылудың жолын із­дейтін де біз. Соқтығысатын да өзіміз. Сондықтан жол бойында радар ұстаған полиция көп. Өрнектен қайтар жолда осыны топшылап келе жатып, біздің 90-100 шақырым жылдамдықпен келе жатқан көлігімізден қанша көлік озады екен деп есептедім. Сенесіздер ме, тек ресейлік нөмірі бар екі көлік ба­сып оз­ды! Оның өзін бізге көрінбеген поли­цейлер ұстап үлгеріпті. Сонда түйгенім, ереже сақтасаң көлік апаты болмайды, тиісінше жол полицейлерін де көр­мейтін боласың. Бәрі өзімізге байла­нысты…

Әзірге пікір жоқ.

Пікір қосу