Көккөл. Үнсіз. Әрдайым тыныштық құшағында. Алайда аяқ астынан аласұра толқынданып, мұңды үн естіледі. Жергілікті тұрғындар көлдің киесі бар екенін, ол жерде аждаһа мекендейтінін айтады…

«Көлден тұншыға шыққан мақұлықтың үні, жаңғыра сай саланы кезіп барып әрең басылады. О тоба, Шотландиядағы ғажайып Несси көз алдымнан жүгіріп, жо-жоқ ұшып, бәлкім елес боп зулай өткен болар…». Бұл жолдар Меркілік қарапайым ұстаз Анатолий Печерскиидің қойын дәптеріне түртіліп, кейін Сапарабай Парманқұловтың «Жұмбақ сарқырама» кітабында жарыққа шыққан әңгімеден үзінді.

SONY DSC

Кітапты оқып-ап түрлі қиял ойлар естен кетер емес. Па шіркін, ғылымға беймәлім аждаһа шынымен-ақ Меркінің тау-тасы мен өзен-көлдерін жағалап, талай шопанның иманын алды ма екен? Әлде көлдің тұңғиығында жатып-ап, адамзаттың қаперінен аулақ болуды ойлады ма? Қайткен күнде де оның ақырған дауысы талай жанның жадында сақталғаны мәлім.

SONY DSC

Мың естігеннен бір көрген артық. Араға жыл салып міне бүгін Әулие көлді көрудің сәті түсті.
– Көлдің әулие атануында үлкен мән бар. Атам қазақ көлдің ерекше қасиетін оның суымен байланыстырады. Сырқыраған жанға дем беретін, жығылғанды тұрғызып, тұрғанды жүгірткізетін таптырмас шипа көзі – дейді Меркі ауданының жанашыры, қаламы қарымды журналист, экспедициямыздың басын біріктірген ағамыз Серікбай Құралбаев.

SONY DSC

Таң бозарысымен Ақтоған ауылынан Каменкаға, одан әрі Қарақыстақ жайлауын бетке алып келеміз. Үш көлікте бас аяғы 15-ке жуық жан.

SONY DSC

Біз мінген мәшине тау сығалаған жанның таптырмас техникасы. УАЗ көлігінің тізгінін ұстаушы Бақберген ағамызды жергілікті тұрғындар «Бақай – тау королі» деп бекер атамаса керек. Жоқ жерден жол жасап, діттеген жеріңе демде жеткізе білетін маман.

SONY DSC

Ал мына кісі Қыстақ ақсақал. Жасы сексенді алқымдаса да, ентігуді білмейтін қария. Арамыздағы тірі шежіре. Балаларының айтуынша анасы туа салысымен оны Көккөлдің суына малтып-малтып алған. Содан ауру атаулысы Қыстақ ақсақалды айналып өтетін көрінеді.

SONY DSC

SONY DSC

Арамызда елге есімдері белгілі қос редактор да бар. Республикалық «Дала мен Қала» газетінің басшысы, қазақ жерінің таңғажайып өлкелерін қаламымен әспеттеп жеткізе білген Сапарбай Парманқұлов және де Жамбыл облыстық «аға» газет «Ақ жолдың» бас редакторы Қуаныш Иембердиев.

SONY DSC

Жол қадырын жүргінші білер. Көлге дейінгі 150 шақырымдық қашықтықты кешқұрым әрең еңсердік. Бітіп болмайтын тау асулары мен табиғаттың ғажап болмысына қызығып төрт дөңгелекті тоқтатумен болдық.

SONY DSC

Жол бойы табиғат ана қашаған тас мүсіндер кең даланың айнымас бір бөлшегі іспеттес. Мына қошқартас соның бір айғағы.

SONY DSC

Бұл Қарақыстақ, қазекемнің кең жайлауы. Ал ана таудың арғы жағы қырғыз ағайындардың әйгілі Сусамыры қоныс тепкен.

SONY DSC

Кезінде бауырлас елдер бірінің жеріне бірі малын жайып, ақ боз үйлерін тігісіп жатқан. Бүгінде арада шекара белгіленіп, алыс-беріс тоқтатылды. Жол бойында Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара заставасының сарбаздарымен жүздесіп, өңірдің тыныштығынан хабардар болдық.

SONY DSC

SONY DSC

Жалпы Меркі өңірі мал баққанға нағыз таптырмас құт мекен. Шөбі шүйгін, қысы жұмсақ. Біз жүрген әр бір бесінші шақырымда шопанның үйі алдымыздан менмұндалап тұрды.

SONY DSC

Кешқұрым көлден 5 шақырым бері қоныс тепкен малшының үйіне қонақтадық. Көлік жолының бітер тұсы да осы болатын. Тау түні тез арада қоюланып, түннің суықтығы да дегбірді қашыра бастады. Сығырайған шамның маңайына топтасып таңертеңмен көлге жаяу баруды жоспарладық.
Таудағы ұйқы тәтті-ақ, таңның тезарада қалай бозарғанын сезбей де қалдық. Шопан малын түгендеп өз бағытына әзірленуде, ал біздің бағыт Ақшоқының етегіндегі айдын көл.

SONY DSC

5 шақырым бір белестің бұралаң жолдарымен артта қалды, ал мынау сіз бен біз күткен Көккөл.

SONY DSC

Ел ағалары дәстүрден безбей алдымен құран оқып, бата қылды. Артынша көлдің суын құштарлана жұта шөлін қандырды.

SONY DSC

Көлдің аумағы ат шаптырым жерді иемденбесе де жүзген жанның қолың талдырарлық ауқымды алып жатыр.

SONY DSC

Көл таудың шұңқырында орналасқандықтан оған еш бір өзен атаулысы келіп құймайды, әрі одан еш бір өзен ағып шықпайтыны тағы бар. Мұндайда алдымен тұрып қалған, ішуге жарамсыз су еске оралады. Алайда біз ішкен көл суы ешбір ауыз судан кем түспейтіні, құрамында түрлі минералдардың барынан хабардар етеді.

SONY DSC

Көлдің тереңдігін ешкім дөп басып айта алмайды. Бұған Ресейден келген аквалангистердің де көзі жеткен. Неғұрлым төмендеген сайын соғұрлым қараңғылық жұта береді. Оның үстіне аяқ астынан пайда болатын иірім тартып алып кету қаупі тағы бар.

SONY DSC

Жалпы көлге қатысты ел арасында түрлі аңыз әңгімелер жетерлік. Біреулер нардың өркешіндей бір дәу су тіршілігін көргенін айтып жатса, бірі жағада су ішкен малды беймәлім мақұлық суға тартып кеткенін баяндап жатады. Оның үстіне жергілікті шопандар көлден тұншыға шыққан ащы дауысты жиі еститіндерін айтады.

SONY DSC

С.Парманқұлов өз кітабында А.Печерский бастаған бір топ жас натуралистерінің экспедициясы мамандардың алдына біраз сауалдарды қойғанын және де оны анықтау керектігін алға тартады.
Кез-келген тылсымға ғалымдардың қызығушылығы оянатыны белгілі. Осы салада Оңтүстік Қазақстан геологиялық барлау басқармасының геологы Б. Волчков көп жұмыс атқарды. Ол ұзақ зерттеу нәтижесінде көлдің мұздықтардан және мореналық қабатында пайда болғанын анықтады. Мореналарда шұқанақтар оңай жасалынады екен, тіпті көл түбінде ондай шұқанақтар тұтас канал іспеттес. Геологтар осындай каналды тауып, оның тереңдігін өлшеу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан шығар қорытынды: жауын-шашынға, жер астының гидрогеологиялық ерекшеліктеріне байланысты судың біраз бөлігі көл түбіндегі каналдарға сорылып отырылады. Кейде су әлсіз сорылғанда көл үстінде кішкентай-кішкентай шұңқырлар пайда болып, «ысқырық» естіледі. Кейде су қатты сорылғанда «айқайлаған» дауыс жаңғырығып жетеді. Бұндай су қақпалары ештеңеден хабарсыз суға шомылғандарды және көлді кеше су ішкен жан-жануарды түптің түбіне тартып әкетіп отырған. Жер астындағы канал – сифондар көлдің тұрақты деңгейін қалпына келтіріп те тұрады: су бірде канал арқылы минералданған күйі сыртқа шығады. Аңыздардағы көл суының емдік қасиеттерге ие екенінің, сосын көл жағасында ашық күндері тұз пайда болатынының бір сыры осында жатыр.

SONY DSC

Сапар соңында Меркіге төтесімен жету мақсатында Сандықтас жазығындағы бал бал тастарды тамашалауды ұйғардық. Сағат атамыздың бастамасын бір ауыздан қолдап бабамның көзі болған тас мүсіндерді тамашалап, әлі талай ұрпаққа мол мұра болып қала беретін аспан асты мұражайының құнды жәдігерлерін көріп қайттық.

SONY DSC

Жол бойы шежіреміздің жігін тарқатып, кеше мен бүгінді еске салып, тарих толқынында тербеткен Сағат Алдабергенов ақсақал біздің экспедициямызға Қордайдан арнайы келип қосылған ел ағасы.
Сапар соңында Меркі ауданына қарасты Ақтоған ауылдық округінің әкімі Олжабек Қосубаев пен Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Ораз Тәнекеевке, Жамбыл облыстық Ұлттық банк қызметкері Бауыржанға алғысымызды білдіреміз.

©Асқар БЕКОВ

12 Пікір

  1. Мерейлі Меркі туған жерим болса да, Көккөлде болмаппын өте керемет әдемі сұлулығында шек жок

  2. Қарақыстақ жайлауын атам әлі күнге дейін есіне алып отырады. Меркі өңірінен біз ерте көшіп кеттік.

  3. Қазақ жері-киелі. Көккөлдің көркемдігі тамсана жазып жүрген кез келген шетелдік көрнекті орындарды ауызға ұрады. Дәл осы Көккөл сияқты әдемі көл-Көлсай бар. Бұндай көрікті жерлерімізді шетелдіктердің білгені де жақсы, бір жағынан білмегені де дұрыс па деймін. Себебі, «қасиетті жерімізді сақтап қала аламыз ба?» деген сауал мазалайды мені. Бурабайды көрген боларсыз? Жан-жағындағы шашылып жатқан қоқысты көргенде жүрегіңіз сыздайды…

  4. Мамам айтып еді Қазақстанның бір жерінде бір көл бар, сол ңөлден неше түрлі дауыстар шығады екен, динозаврдың дауысы сияқты деп, сол көл осы ма екен? Интернеттен қаншама іздедім сол көл туралы, мәлімет табу қиын екен, неге Қазақстанның құпияға толы жерлері туралы мәліметтер видеолар көбірек салмайды екен?

  5. Ассалаумагалейкум! Мине азамат. Тарих жане мадениет деген ен кажет дуние. Мына тек ку куйбеннен аспас тирликте осындай онегели испен айналыскан агаларга жане Аскар бауырыма алгысым шексиз. Биздин барлык азаматтар осындай патриоттык сезимде болса елимиз ертерек дамуга бет алар еди. Иа тарихты билмей, алланын гажайыбын сезинбей оркениетке жету мумкин емес, сондыктан да маган бул фото-репортаж кыска да нуска болса катты асер етти. Сайтка жане сол сайттагы кажетти тын дуниелерди асыга кутип, сол кунды маглуматтар келер урпакка айнымай жетеди деген сеним мен ризашылыгымды билдиремин.

Пікір қосу