Қазақтар жазғы демалысты қайда өткіземін деп ешқашан бас қатырмаған. Туроператорлар қалтаңызға қарап, ондаған бағытты заматында ұсына алады. Тіпті сіз үшін сөмкеңізді жинап, ұшаққа отырғызып жіберуге дайын.

DSC_0233


Одан бөлек, алақайлап ауылға барып, ет жеп, қымыз ішіп қайтуға болады. Азын-аулық ақшаңыз қалып жатса, сізге Алакөлдің ақ толқындарын тамашалауға, Бурабай мен Балқашты көруге, Алатаудың асқаралы шыңдарына баруға болады.  Ал енді күз келіп салқын түссе, онда барар жеріңіз бен басар тауыңыз күнделікті көріп жүрген төңірегіңізден аспайды. Егер ойда-жоқта сіздің демалысыңыз күз бен қыз мезгіліне тап болса, және сіз суға да түсіп, даланы да кезіп, әрі тиімді сауда-саттыққа қарық боламын десеңіз, онда сіздің бағытыңыз – Малайзия. Оның астанасы Куала-Лумпур мен Реданг тектес аралдары сізді бей-жай қалдырмайтынына сенсеңіз болады. Егер сенбесеңіз, журналист Асқар Бековтың фоторепортажын тамашалаңыз.

01

Алдымен Малайзия қайда екеніне көз жеткізіп алсақ. Картаны ашып, Азия құрлығының оңтүстік-шығысына үңілсеңіз, Малакка түбегі мен Калимантан аралын байқайсыздар. Онда 329 752 шаршы шақырым жерді алып жатқан, экватор белдеуіне жақын орналасқан, мыңдаған аралы бар мемлекет шекарасын көресіздер. Міне, бұл – Малайзия.

02

02+

Малайзияда 30 миллионнан аса халық тұрады. Тұрғындардың 60 пайызы малайлар бол­са, 25 пайызы – қытай, 9 пайызы – үнділер және басқа да ұлт өкілдері. Малайзиялықтардың 62 па­йызы мұсылман болғандықтан, елдің рухани өмірінде ислам дініне айрық­ша мән беріледі.

03

Кез келген демалыс орнына бару үшін ең бірінші «ол жаққа қалай жетемін?» деген сауал туындайды. Діттеген жеріңізге 2-3 ұшақ ауыстырып, әуежайдан әуежайды кезіп жету жүйкеңізді тоздыратыны сөзсіз. Тіпті мұндайда, көп жағдайда тіркеу кезінде өткізген жүгің де адасып келмей жататын кездер болып тұрады. Бұл тұрғыда Малайзияның бас қаласы Куала-Лумпурға жету біздің тұрғындар үшін жеңілірек. Алматыдан ұшып шыққан Эйр Астанаға тиесілі борт сізді 8 сағат ішінде тікелей тропиктік елге жеткізеді. Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы 2 терминалдан (KLIA және LCCT) тұрады. Сіз соның біріншісіне (KLIA) әрі ең үлкеніне тоқтайсыз. Үлкен терминалдың қосымша тағы бір серігі бар. Екі ғимараттың арасын ақысыз «Aero train» поезы жалғап тұрады. Екінші терминал (LCCT) бюджетті әуекомпанияларға арналған.

04

Әуежайда бізді Зейнеп есімді аудармашы қыз күтіп алды. Қазақша мен орысшаға ағып тұрған жолбастаушы серіктесіміз ағылшын мен малай тілін де жетік меңгерген екен. Жүзі жарқын қыз бізді ә дегеннен туғанындай қарсы алды. Сөйтсек, туған жері Алатооның арғы бетіндегі Қырғызстан болып шықты. Бұл елге оқуға келген Зейнеп малай азаматына тұрмысқа шығып, осы елде қалған.

05

Зейнеп бізді көлікке мінгізіп алып Куала-Лумпурдағы қонақ үйді бетке алды. Ел астанасы әуежайдан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Діттеген жерімізге біз 1 сағат көлемінде жетіп бардық.

06

06+

06++

Малайзияның кез-келген нүктесінде орналасқан 5 жұлдызды қонақ үйдің бағасы басқа туризмі дамыған мемлекеттердегі бәсекелестерінен әлдеқайда арзан екен. Жазды күні орташа есеппен 500 рингит болса, күз бен қыста бұл баға едәуір құлайды. 200-400 рингит арасында сіз ауқымы кең, екі кісілік төсекке қарық боласыз. 3 пен 4 жұлдызды қонақ үйдің бағасы тіпті күлкіңді келтіреді. Айтпақшы бұл елдің ұлттық валютасы – рингит. Тиісінше, біз аялдаған уақытта 1 рингитің – 60 теңге болды.

07

07+

Куала-Лумпур – нағыз шоп-тур ұйымдастыратын шаһар. Төңірек біткеннің барлығында зәулім моллды кезіктіресіз. Әлемнің айтулы брендтері мен ең үздік аксессуарлар сіздің көз жанарыңызды лезде жаулап алады. Бұл жерде де қалтаңызға қарап, тиімді тұстарын іздесеңіз болады. Мәселен, Куала-Лумпурдың өзіне қарағанда, серіктес қалаларында орналасқан дүкендерде киім біршама арзан. Ал біз бас сұққан Куала-Тренгану секілді штат орталықтарында баға тіпті қолайлы. Куала-Тренгану қаласы жайлы біз кейіңгі жазбамызда тоқталамыз.

08

08+

08++

Малайзия экваторға жақын орналасқандықтан, бұл жерде жыл он екі ай жаз. Тиісінше, жеміс-жидек маусымы еш тоқтаған емес. Тропиктік климатта жүріп сіз экзотикалық жемістің түр-түрін, мәселен, гуава, манго, дуриан, мангостин, папайяның ұмытылмас дәміне тәнті боласыз. Барлығын елге алып келуіңізге болады. Тек дурианды жеткізу қиын. Себебі, иісі өткір әрі жағымсыз. Ал дәмі тіл үйіреді.

09

09+

09++

Айта кетейік, елде халал өндірісі жақсы дамыған. Асханалардың барлығына сіз қорықпай кіре берсеңіз болады. Ал егер шошқа етін пайдаланатын мейрамхана кезіксе, онда сізді кірмес бұрын алдын ала ескертеді. Елде адал асты өндірушілерге ерекше жағдай жасалынған.

10

10+

10++

Әлемнің кез келген азаматына Куала-Лумпур десеңіз, алдымен олардың ойына заңғар көкпен таласқан егіз ғимараты елестей кетеді. Бұл – әр қайсысы 88 қабаттан тұратын «Петронас мұнаралары». Құрылысы 1998 жылы аяқталған, малайзиялықтардың мақтанышы саналатын алып ғимаратты біз де тамашалады.

11

Биіктігі 451,9  метр ғимаратты күнде көре бермегендітен, оның үстіне архитектурасынан исламдық стилді байқағандықтан біз әр бір қабатына көтерілген сайын таңырқаумен болдық. Салыстырмалы түрде Алматының ең биік ғимараты «Есентай тауэрді» алып қарайық. Оның биіктігі – 175 метр.

11+

88 қабаттан қарағандағы Куала-Лумпурдың «Телевизиялық мұнарасы». Оның биіктігі – 421 метр. Алматының Көктөбесіндегі телемұнараның биіктігі болса – 371,5 метр екен. Сәл ғана кіші екен. Есесіне біздің мұнара Көктөбе жотасында орналасқандықтан теңіз деңгейінен 1452 метр (жотамен қоса алғанда)  биік болып есептеледі.

12

12+

12++

12+++

12++++

КЛ орталығында көлемі 8 гектардан асатын алқапта құстар саябағына баруға болады. Жер жаһанның түкпір-түкпірінен жеткізілген 2000 мыңға жуық қанаттылар сізбен етене жақын серуендеп жүреді. Саябақ аумағында зоология мектебі өз қызметін сіздерге ұсынады. Мұнда инкубаторлық әдіспен жұмыртқадан балапанның қалай пайда болатынын көресіз. Билет құны 50 рингит. Балаларға жеңілдіктер қарастырылған. Бақ аумағына іргелес көбелек саябағы мен орхидея гүлінің флорасын да аралай аласыздар.

13

13+

13++

Куала-Лумпур – нағыз отбасы тынығатын қала. Мұнда су атракционы Гиннестер рекордына енген Sunway Lagoon аквасаябағы бар. Кешен аумағында сіз бір мезетте суға да түсіп, хайуанаттар әлемін де тамашалап және жүрек жұтқандарға арналған экстремалды ойын атракциондарына отырып та үлгересіз. Жойылуға жақын қалған ақ жолбарыс пен арыстанды осы саябақтан кезіктіріп, жанында естелікке деп суретке түсе аласыз.

14

14+

14++

Егер өзіңізбен 10 жасқа дейінгі балаларыңызды ертсеңіз, онда олардың уақытын қызықты өткізуге «Kidzania» тақырыптық саябағы өз қызметін ұсынады. Ауқымы ат шаптырым жабық кешенде балаларға арналған үлкен қала бой түзеген. Мұнда балаңыз өзіне мамандық таңдап, сол салада қызмет етіп, қаржы тауып, оны қалай тиімді жаратуды үйренеді. Сіздің бүлдіршініңіз өрт сөндіруші, дәрігер, аспазшы, ұшқыш секілді 30 мамандық түрінен өзіне лайықтысын таңдап, ересектерше 1-2 сағат болса да өмір сүріп, үйреніп, қаржының оңай табылмайтынына көз жеткізеді.

14+++

14++++

14+++++

14++++++

Айтпақшы, балалар қалашығының «The Kidzania Post» деп аталатын өз басылымы бар екен. Балалар редакцияда өз мақалаларын әзірлеп оны беттеуді үйренеді екен. Жанындағы жасанды баспаханада газеттің тиражы қалай еселенетінін де көрсеткен. Ал өзін тележурналист сезінгісі келетіндерге заманауи техникамен жабдықталған телестудия өз қызметін ұсына алады.

15

15+

Ислам елі болғандықтан, елде мешіт саны едәуір көп. Елдің бас мешіті деп Куала-Лумпурдағы Масджит Негара мешітін айтуға болады. Қабырғасы 1965 жылы қаланған мешіт ислам архитектурасының озық үлгісі болып саналады. Тағы бір қызыл граниттен салынған зәулім мешітті Путраджаяда, премьер министр резиденциясы жанынан көресіздер.

16

16+

16++

16+++

Үндістаннан тысқары жерде орналасқан индуизмнің ең үлкен ғибадатханасы да осында орналасқан. Бату үңгірі алдында индуизмдегі соғыс құдайы Муруганның 43 метрлік ескерткіші бой көтерген. Ал үңгірге 272 баспалдақты еңсеріп қана көтеріле аласыз. Жол бойы сізді жотадан түскен макака маймылдары «ертіп» жүреді. Егер сақ болмасаң, қолыңдағы тамағыңды не сөмкеңді жұлып алып кетуі ықтимал.

17

Біздің сапарымыз, елдің басты мерекесі «Мердеканы» тойлаумен қатар келді. «Мердека» малай ұғымында «тәуел­­сіздік» деген мағынаны береді. Сондықтан әрбір малай, тіпті жергілікті қытай мен үнді «Мердека» сөзін мақтанышпен айтады. 31 тамыз күні аталып өтетін елдің тәуелсіздік күнін тойлауға біз де атсалыстық.

18

Малайлықтар тәуелсіздік мерекесін тойлауды ай бұрын бастап кетеді. Көше, сауда орталықтары, зәулім ғимараттардың барлығы елдің дәстүрлі нышандарымен әспеттеледі. Ай мен жұлдыз белгіленген ақ-қызыл жолақты байрақты барлық жер­ден кезіктіресіз. Тіпті ту түстес киімді ар­найы тіктіріп, бүкіл жанұясымен киіп ал­ғандарды да көрдік. Елге деген сүйіспен­шілікті, қоғамға деген құрметті, ортақ құндылықтарына немқұрайды қарамай­тыны малайзиялықтарды әлем тұрғын­дарының арасынан асқақ етіп көрсетеді.

19

Мереке күні  таңғы 6:30-дан бастап қала тұрғындары мен қонақтары елдің басты мейрамы өтетін «Датаран Мердека» алаңына жинала бастайды. Ауа райының күндіз қатты ысуына байла­нысты халық шоғырланатын мемлекет­тік мейрамдарды таңғы салқында өткерген тиімді екен. Біз де ұйқымыздан ерте оянып, таң­ғы леппен тездетіп жетіп алуды ұйғар­дық.

20

20+

20++

20+++

Негізгі іс-шаралардың бар­лығы сағат сегізде басталады, ал оған дейін ресми протокол бойынша мемле­кеттік қызметкерлер бірінен кейін бірі үлкен шатыр астына жинала бастайды. Тізім бойынша алаңға соңғы болып елдің патшасы Туанку Абдул Халим салтанаты келіскен кортежбен жеткізілді. Одан бірер минут ерте Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак келді.

21

Алаңдағы мерекелік іс-шара, алдымен мың адамның бір мезетте ұлттық аспапта ойнауынан басталды. Артынан бас-аяғы 3 мыңға жуық жастар қолдарына ту ұстап сахналық қойылым көрсетті.

22Мерекелік шеруді мемлекеттік қыз­мет­керлер мен түрлі ведомство өкілдері ашты. Айта кетейік, бұл елде мемлекеттік қызметкер атану – үлкен мәртебе әрі жа­уапты қызмет. Олар түгелімен патшаның қамқорлығында жүреді. Мемлекеттік қыз­­метке тек жүзден жүйріктер ғана қабыл­данады. Мемлекет өз тарапынан оларға тегін баспанамен, медициналық сақтан­дырумен және жыл сайын кәсіби шебер­лiгін арттыруға көмектеседі.

23

Одан кейін алаңнан медиа және технология са­ласы­ның өкілдері өтті. 2020 жылы Малай­зия дамыған елдердің қатарына өтуді жос­­парлап отыр. Ел аумағының 100 па­йызында байланыс орнатылған. Тіпті адам аяғы баспаған джунглияда да сіздің мо­бильді құрылғыңыз 3G байланысын ұс­тап тұрады. Оқу ағарту жүйесінің бар­лығы жаңа технологиямен тығыз байла­ныста. Сондықтан аталмыш салаға мем­ле­кет ерекше зейін қоюда.

24

24+

24++

Мерекелік шеруді елдің әскери күш­тері жалғастырды. Әскери оқу орында­ры­ның курсанттарынан бастап осы саланың ардагерлеріне дейін орталық алаңмен жү­ріп, өздерінің қуатты да қауқарлы екенін елге паш етті. Әуеде тікұшақтар мен МиГ секілді теңдессіз ұшақтар бірі­нен соң бірі зымырап өтіп жатты.

25

Елдегі түрлі этнос өкілдері мерекелік шеруді қорытындылап, Малайзиядағы бей­бітшілік пен толеранттылықтың ерен үл­гісін көрсетті.

26

Азияның экваторлық аймағында ор­на­ласқандықтан күн онға таман тіктеп үлгереді. Сондықтан күннің темпера­ту­ра­сының жоғарылайтынын біліп ұйым­дас­тырушылар мерекелік шараны уақыты­сында аяқтады.

27

Келесі репортажымызда жаңа қала Путраджайя мен елдің солтүстік шығысында орналасқан Куала-Тренгану қаласы жайлы және Реданг аралы туралы баяндайтын боламыз. Сапарымыз­ды ұйымдастырған Алматыдағы Малай­зия елшілігінің туризм бөліміне алғысы­мыз­ды білдіреміз. Аталған бөлім қос елдің экономикалық қарым-қатынасын ны­ғайтуда үлкен еңбек сіңіруде. Нағыз Азияны тамашалаймын десеңіз осы кеңсенің табалдырығын аттаңыз. Фурманов (100/2) көшесіндегі Prime бизнес ке­ше­нін­де орналасқан кеңселерінде-ақ сіз Ма­лайзияда жүргендей әсерде боласыз.

Асқар БЕКОВ,

Алматы – Куала-Лумпур

3 Пікір

Пікір қосу